
Марқұмдардың денесі табылғаннан кейін тергеу басты назарды олардың күйеу баласына аударды. Отбасының тағы екі мүшесін іздеу жалғасуда. Бұл іске қатысты ресми органдар әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Атырау облысында Жангелдин ауылындағы ерлі-зайыптының өлімі және отбасының тағы екі мүшесінің жоғалып кетуі бойынша тергеу жалғасуда. Мирамгүл мен Наурызды іздеу әлі жүріп жатыр. Марқұмдардың денесі табылғаннан кейін олардың мүмкіндігі шектеулі балалары да қаза тапқан болуы ықтимал деген болжам күшейді. „Ақ Жайық“ бұл істің соңғы деректерін жинақтаған еді.
Тергеу болжамына сәйкес, күдікті ерлі-зайыптыны өлтіріп, қылмыстың ізін жасырмақ болған. Марқұмдардың денесі қорадан табылды. Дереккөздердің айтуынша, ол жерде шамамен бір жарым метр тереңдікте шұңқыр қазылып, денелер соған көмілген. Кейін үстіне топырақ төгіліп, линолеум жабылған, үстіне диван қойылып, бөлме құлыпталған.
Әзірге күдіктінің жалғыз әрекет еткен-етпегені анықталған жоқ. Ауыл тұрғындарының айтуынша, денелер қанға малынған, жанында заттар салынған қаптар болған. Бұл олардың зорлықпен өлтірілгенін, мүмкін пышақ қолданылғанын көрсетеді.
– Бізге ерлі-зайыптының денесі табылғанын хабарлады. Мұны бүкіл ауыл біледі. Қалай өлтірілгенін әзірге білмейміз — тергеу жүріп жатыр. Бүкіл ауыл болып іздедік. Олар қарапайым отбасы еді, ешкіммен жанжалдаспайтын. Қой мен сиыр ұстайтын, – деді ауыл әкімі Қанат Ғайса.
Енді сот-медициналық сарапшылар нақты өлім себебін, қашан болғанын және қандай қару қолданылғанын анықтауы тиіс.
Бұл істегі басты күдікті – марқұмдардың күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сарсемалиев. Дереккөздердің айтуынша, тергеу барысында оның анасынан да жауап алынған. Алайда ол баласы мен келінінің қайда екенін ашып айтпаған.
Одан басқа, марқұмдардың үлкен қызы әрі күдіктінің жары Ақбаян да із-түзсіз жоғалған.
– Бұл отбасы өте діндар, тұйық өмір сүретін. Олар ешкіммен араласпайтын, үйден сирек шығатын. Бес баланың анасын тіпті туыстары да көрмеген, бұл күдік туғызды. Ерлі-зайыптылардың екеуі де ресми түрде жұмыс істемеген, – дейді отбасыны жақсы білетін құқық қорғау саласының қызметкері. – Ақбаян да сыртқы ортадан толық оқшауланған, ешкіммен байланыс жасамаған, достары болмаған. Мұндай жағдай белгілі болса да, алдын алу шаралары жасалмаған.
Сұлтанның анасы баласы хабарласады дейді, бірақ телефон қоңырауларына жауап бермейді. Дереккөздер мен әлеуметтік желілердегі ақпаратқа қарағанда, Сұлтан Балида болуы мүмкін және жоғалған әйелдердің бірінің банк картасын пайдаланғаны айтылуда.
Марқұм Мақсот Қарабалиннің қарындасы Әсила Мұханғалиева Сұлтанның ұзақ уақыт бойы жұбайының қайда екенін жасырып келгенін мәлімдеді.
– Сұлтан бізге Ақбаянды ешқашан көрсеткен жоқ, үнемі бір себеп тауып, „жағдайы жақсы“ дейтін. Кейін олардың қараша айында жоғалғаны белгілі болды. Ал Сұлтанның анасы полицияға хабар бермей, бес баланы өзінде қалдырған. Бұл оқиғада күмәнді жайттар өте көп, – дейді ол.
Құқық қорғау органдарындағы дереккөздер күдіктінің Индонезияда болуы мүмкін екенін растайды. Ол елден кетуге әрекет етуі ықтимал, себебі оқиғаның жалпы көрінісі біртіндеп айқындала бастады.
Мұның алдында әлеуметтік желілерде Мирамгүлдің денесі Геолог ықшамауданындағы септиктен табылды деген ақпарат тарады. Бірақ бұл дерек расталмады. Полиция сол жерде тексеріс жүргізіп, тергеуге қажет бірқатар заттарды тәркіледі.
Ал Наурыздың телефоны Өзбекстан аумағында сигнал бергені анықталды. Бар мәліметке қарағанда, кейінгі бағыт Малайзия арқылы Индонезияға жалғасқан болуы мүмкін.
Тергеу жалғасуда. Ресми органдар әзірге толық түсініктеме бермей отыр.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -3