
«ҚазМұнайГаздың» мұнай өңдеу зауыттары 2025 жылдың қорытындысы бойынша тарихи ең жоғары межеге қол жеткізді.
Жедел деректерге сәйкес, отандық мұнай өңдеу кәсіпорындары 13,6 млн тонна жеңіл мұнай өнімін өндірді. Бұл 2024 жылғы деңгейден 1,18 млн тоннаға, ал 2023 жылғы көрсеткіштен 1,55 млн тоннаға артық.
Өңделген шикізаттың жиынтық көлемі 17,46 млн тоннаға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 0,7 млн тоннаға көбейді.
Операциялық тиімділікті арттыру нәтижесінде жеңіл мұнай өнімдерінің үлесі 78% болды (+4%), ал мұнай өңдеу тереңдігі 90%-ға жетті (+2,6%).
Дизель отыны өндірісі рекордтық деңгейге көтеріліп, 6,14 млн тоннадан асты (+850 мың т). Сонымен қатар бензин өндірісі 400 мың тоннаға артты. Бұл ішкі нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз етіп, елде отын тапшылығын болдырмауға мүмкіндік берді.
Зауыттар бойынша нәтижелер
- Атырау МӨЗ – 5,47 млн т мұнай өңделді, жеңіл өнімдер үлесі 77%. 1,8 млн т автобензин және 1,9 млн т дизель өндірілді. Тереңдік – 88%.
- Шымкент МӨЗ – 6,23 млн т мұнай өңделді, жеңіл өнімдер үлесі 82%. 2,28 млн т бензин және 2,1 млн т дизель өндірілді. Тереңдік – 88%.
- Павлодар МХЗ – 5,76 млн т мұнай өңделді, жеңіл өнімдер үлесі 74,3%. 1,7 млн т бензин және 2,1 млн т дизель өндірілді. Тереңдік – 94%.
ҚМГ зауыттары 2025 жылы өндірістік тиімділікті арттырып, дизель мен бензин өндірісінде рекордтық деңгейге жетті. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, ішкі нарықты толық қамтамасыз етті.
В Атырау -2