
Оқиға 31 желтоқсанда Индер көпбейінді ауыл шаруашылығы колледжінде болды.
Тараптар оқиғаның мән-жайын әртүрлі сипаттайды. Жәбірленушінің анасы Камшат Рахметуллинаның айтуынша, ол болған жағдайды колледж әкімшілігінен білген.
- Маған колледжден телефон соғып, келіп кетуімді өтінді. Не болды екен деп барғанда баламның мұрнынан қан аққан күйі түсініктеме жазып отырғанының үстінен шықтым. Балам бір күн бұрын бірге оқитын баладан конспектісін көшіріп алуға сұраған. Соны уақытында бере қоймадың деп, тағы біреуі бар екі бала әжетханада баламды ұрып, мұрнына зақым келтірген. Кеңсірігіне зиян келген болуы керек қан тоқтамағасын жедел жәрдемді күтпестен колледж мұғалімі болып ауруханаға апардық. Сол жерде баламды дәрігерлер рентгенге түсіріп, система салды, - дейді ол.
Анасының айтуынша, колледжде болған төбелес кезінде мұғалімдер болмаған, медсестра дер кезінде көмек бермеген. Қазір студент аудандық аурухананың хирургия бөлімінде ем алуда
Осы жайға байланысты Индер көпбейінді ауыл шаруашылық колледжінің оқиғаның басқа нұсқасын баяндады:
Колледждің 1-ші курс студенттері А. Н. мен М. С. (3-ші топтағы мүгедек) арасында 31 желтоқсан күні сағат 9.15-те колледж қабырғасында келіспеушілік болған. Студенттер арасында кикілжің, балағат сөздер айтылған. Өздерінің арасында айтылған сөздерді көтере алмай М. А-ны ұрып, нәтижесінде мұрны қанаған.
Колледж медбикенің алғашқы көмек көрсетіп, қанды тоқтатқанын айтады. Оқиғадан кейін екі жақтың ата-анасы шақыртылған. Аудандық жасөспірімдер инспекторына хабарланған. Емханаға өндірістік оқу шеберінің жеке көлігімен апарып, дәрігерлік тексеруден өткізген. Колледж медбикесі, психологы, өндірістік оқу шебері барлық уақытта студентпен бірге болған. Қазіргі уақытта студенттің жағдайы бірқалыпты.
Осылайша, жәбірленушінің анасы мен колледж әкімшілігінің айтқандары кейбір маңызды тұстарда сәйкес келмейді. Мысалы, жанжалға қанша студент қатысқаны және медициналық көмектің қалай көрсетілгені жөнінде пікірлері әртүрлі.
Атырау облысының полиция департаменті де жағдайға түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, жасөспірімдер арасындағы жанжалға байланысты кәмелетке толмаған тұлғаға қатысты «денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізілуде.
Оқиғаға қатысы бар барлық жасөспірімдер полиция бөліміне жеткізілді. Кәмелетке толмаған құқық бұзушылар ішкі істер органдарының есебіне қойылды, ал олардың іс материалдары кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияның қарауына жіберілді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау -2