
Қылмыстық-процессуалдық тәжірибеде екі немесе одан да көп адамның жоғалуы «кісі өлтіру» ретінде сараланады. Бұл туралы Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов отбасының жоғалуына қатысты соңғы уақытта тарап жатқан расталмаған ақпаратқа түсініктеме берген кезде хабарлады.
25 желтоқсанда төрт адамның жоғалғаны туралы хабар полицияға түскен. Сол уақыттан бастап ел аумағында кешенді іздестіру шаралары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Құқық қорғау органдары отбасының қайда екенін анықтау үшін барлық жедел-іздестіру және тергеу амалдарын жасап жатыр.
Тергеу аясында барлық медициналық мекемелер, соның ішінде жеке клиникалар да тексерілуде. Сондай-ақ жоғалғандардың ұялы телефондары Қазақстан аумағында бірнеше рет тіркеліп, қосылып-сөндірілгені анықталды. Соңғы рет сигнал Шымкент қаласында тіркелген.
Іздестіру шараларын үйлестіру үшін ішкі істер министрлігінің мамандары қатысқан арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта аталған отбасының кіші қызы мен күйеу баласының шет мемлекетте жүргені анықталды. Алайда туыстары олардың жоғалуына байланысты арыз түсірмеген. Соған қарамастан, құқық қорғау органдары тексеру жұмыстарын бастады.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0