
Әлеуметтік желілерде жарияланған бейнежазбада кәсіпкер 2 млн 700 мың теңге көлемінде шығынға ұшырағанын айтып, тендерді ұтып алғаннан кейін 600 сыйлықты қабылдамағанын мәлімдеді. Ал білім бөлімі тауар техникалық талаптарға сәйкес болмағандықтан заңды түрде қабылданбағанын түсіндірді.
Кәсіпкердің айтуынша, ол мемлекеттік сатып алуға қатысып, әр сыйлықты 4 990 теңгеден ұсынған. Бұл басқа қатысушылардан 10 теңгеге төмен болған. Нәтижесінде оның алматылық «Tulpar Service» компаниясы жеңімпаз деп танылған.
Бірақ Атырауға жеткізілген сыйлықтар қабылданбаған. Жалпы көлемі – 600 балаға арналған сыйлық. Сонымен қатар кәсіпкерді «жосықсыз жеткізушілер» тізіміне енгізген, бұл оған алдағы тендерлерге қатысуға мүмкіндік бермейді.
Кәсіпкер бейнежазбада көру қабілеті бойынша мүгедек екенін, жұмыс табу қиын болғандықтан кәсіпкерлікпен айналысатынын айтты. Ол алдын ала білім бөлімімен хат алмасып, құжаттарды тапсырғанын, сондықтан тауарды қабылдайды деп сенгенін жеткізді. Осы жағдайға байланысты ол уәкілетті органдар мен әкімдіктерге ашық жүгініп, қоғам назарын аударуға тырысқан.
Редакция кәсіпкермен байланысуға әрекеттенгенімен, бейнежазба астында көрсетілген телефон нөмірі бойынша хабарласу мүмкін болмады.
Атырау қалалық білім бөлімінде жағдайға басқа көзқарас білдірді. Ведомство басшысы Айнагүл Дүйсекенова сыйлықтарды қабылдаудан бас тарту себебі тендерлік құжаттамада көрсетілген техникалық талаптарға сәйкес келмеуімен байланысты екенін айтты.
Оның айтуынша, конкурс талаптары жаңа жылдық сыйлықтың құрамын нақты белгілеген. Яғни тәттілердің тізімі, олардың саны, салмағы және құрамы қатаң көрсетілген. Әрбір сыйлықта 17 түрлі тәтті болуы тиіс еді. Алайда жеткізілген сыйлықтарда шамамен он шақты ғана болып, салмағы да белгіленген нормадан төмен шыққан.
Бір сыйлықты сатып алудың бастапқы бағасы қосылған құн салығынсыз 10 714,28 теңге болып белгіленген. Жалпы тендерге 17 әлеуетті жеткізуші қатысқан.
Атырау қалалық білім бөлімінде бұл тендердің қосымша сипатта болғаны атап өтілді. Бұған дейін негізгі мемлекеттік сатып алу бойынша жеңімпаз анықталып, ол әлеуметтік атаулы санатты отбасындағы балаларға арналған 1 162 жаңа жылдық сыйлықты жеткізген. Ведомство басшылығының айтуынша, бұл сыйлықтар ешқандай заң бұзушылықсыз қабылданған.
Негізгі сатып алу бойынша жеңімпаз алматылық ЖК «Амалбай» кәсіпорны болған.
Ал қосымша 600 сыйлық балаларды кеңірек қамту мақсатында сатып алынған.
Білім бөлімінде сондай-ақ, тауардағы анықталған кемшіліктер жойылып, техникалық талаптарға сәйкестендірілген жағдайда оны қабылдауға дайын екендіктерін хабарлады. Алайда ведомствоның мәлімдеуінше, кәсіпкер мұны орындаудан бас тартқан.
Шарттық міндеттемелер орындалмағандықтан қаржы жергілікті бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар қалалық білім бөлімінде атап өткендей, бейнежазбалар жарияланғаннан кейін кәсіпкер қабылданған шешіммен келіспей, бөлім жұмысына кедергі келтірген. Осыдан соң білім бөлімінің қызметкерлері полиция шақырып, ресми түрде арыз берген.
Айгүл САПАРОВА
В Атырау -7