Атырау, 1 қаңтар 18:17
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -7
$ 505.53
€ 593.44
₽ 6.34

Атырауда республикалық этнофорум өтті

Бейнежазба
90 рет қаралды

«Батыс өңірінің этномұрасы: дәстүр мен дизайн үндестігі» атты шараға Батыс Қазақстанның төрт өңірінен келген қолөнершілер мен этнодизайнерлер қатысты.

26 желтоқсанда Балықшы ықшам ауданындағы облыстық халық шығармашылығы орталығында өткен форумда ағаш, киіз, былғары, зергерлік өнер және ұлттық киім дизайны саласында еңбек ететін шеберлер бас қосты. Бағдарлама аясында этноауыл таныстырылымы, ғылыми-тәжірибелік конференция, қолөнер көрмесі мен этножәрмеңке өтті. Ерекше оқиға ретінде қазақстандық этнодизайнерлер дайындаған ұлттық костюмдер көрсетілген этнофэшн-шоу ұйымдастырылды. Форум ұлттық өнер кешімен аяқталды.

Шара Қазақстандық Этнодизайнерлер Одағының бастамасымен жүзеге асырылатын республикалық жобаның аясында өтті. Бұл ұйым – Дүниежүзілік Қолөнершілер Кеңесінің (World Crafts Council) Қазақстандағы ұлттық өкілі. Этнофорум дәстүрлі түрде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Биылғы форумның алаңы – Атырау облысы.

Форумға этнодизайнерлер, қолөнершілер, суретшілер, өнертанушылар, педагогтер, колледждер мен жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері, сондай-ақ мәдениет, білім және туризм саласының мамандары қатысты.

Темірбек Мухтаров и Нурсултан Калиев
Темірбек Мұхтаров пен Нұрсұлтан Қалиев

Форумның негізгі мақсаты – Батыс өңірінің этномәдени мұрасын сақтау және дамыту, дәстүрлі қолөнер мен этнодизайнды заманауи шығармашылық үдерістерге енгізу, ұлттық өнерді білім беру жүйесіне кіріктіру және ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау.

Іс-шараның ұйымдастырушылары – облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен білім басқармасының әдістемелік орталығы.

Форум аясында өңір шеберлерінің бірегей туындылары ұсынылды. Атырау суретшілер одағының мүшесі Талғат Қисметов ұлттық өрнектермен көмкерілген гобелендер топтамасын таныстырды. Ағаш бұйымдарының шебері Нұрсұлтан Қалиев «Қолөнер» атты сериясын көрсетті. №47 орта мектептің мұғалімі Тілекші Зейнедева аралас техникада орындалған көркем картиналарын ұсынды.

Сонымен қатар Атырау театрының декоративті-сценографиялық шеберханасының суретшілері «Ұлттық балалар костюмдері» коллекциясын әкелді. Ал Индер ауданынан келген ұстаз әрі қолөнерші, Қазақстан этнодизайнерлер одағының мүшесі Нәсіпқали Өтепқали тобылғы сапты былғары қамшылар сериясын таныстырды.

Айнұр САПАРОВА

Шараның суреттері мен бейнематериалдарын Темірбек Мұхтаров ұсынды.

Бүгін, 16:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.