
Атырау облысында мамандандырылған әлеуметтік орталықтардың қызметіне мемлекеттік аудит жүргізілді.
Бұл туралы брифингте тексеру комиссиясының мүшесі Болат Анжанов хабарлады.
Оның айтуынша, аудит 2025 жылғы жұмыс жоспарына сәйкес өткізілген. Тексеруге еңбек, санитарлық-эпидемиологиялық және медициналық бақылау, фармацевтика, сондай-ақ төтенше жағдайлар саласындағы уәкілетті органдардың мамандары қатысқан.
Тексерумен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты №1, №2, №3 және №4 мамандандырылған әлеуметтік орталықтар, сондай-ақ облыстық мүгедектерді оңалту орталығы қамтылды. Аталған мекемелерде 1,2 мыңнан астам адам әлеуметтік қызмет алады.
Аудит барысында мемлекеттік сатып алу, санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтау және өрт қауіпсіздігі талаптары бойынша заң бұзушылықтар анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша әкімшілік іс жүргізу материалдары 52 анықталған факт бойынша уәкілетті органдарға жолданды. Жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұлдар салынды. Бірқатар заң бұзушылықтар аудит барысында жойылды, қалғандары бойынша қайталанбауы үшін нақты ұсыныстар берілді.
Болат Анжанов атап өткендей, комиссия мамандандырылған әлеуметтік қызмет көрсету саласында бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты пайдаланылуын бақылауды жалғастырады.
В Атырау -5