
Атырау облысында бағдаршам жүйесін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Қала көшелеріне заманауи құрылғылар орнатылып жатыр. Ал ескі бағдаршамдар есептен шығарылмай, ауылдық жерлерге жіберіліп, «екінші өмірін» бастайды.
Облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, тұрғындардан «неге ескілерін ауыстырады, олардың бағасы қанша және бұрынғылары қайда кетеді?» деген сұрақтар жиі түседі.
Әкім түсіндіргендей, ескі құрылғыларды тастамай, оларды әлі де қажет болатын аудандар мен елді мекендерге береді.
«Біз ескі бағдаршамдарды ауылдарға және аудандарға жібереміз, онда олар қажет. Ал қалада жаңаларын орнатамыз. Сондай-ақ, неге соншама жаңа бағдаршамдар қойылады, тіпті жаяу жүргіншілер өткелдерінде де деген сұрақтар болды. Бірақ бұл қауіпсіздік үшін жасалады. Жаяу жүргіншілер жолды өздеріне ыңғайлы жерден емес, арнайы белгіленген орыннан кесіп өтуі тиіс. Бұл — тәртіп пен тәрбие мәселесі», — деп атап өтті әкім.
Осылайша, инфрақұрылымды жаңарту ескі жабдықты ұтымды пайдаланумен қатар жүргізілуде.
Еске сала кетейік, Атырауда «ақылды» бағдаршамдарды орнатуға шамамен 1,8 млрд теңге бөлінген.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -10