
Атырау қалалық әкімдігі қаладағы жаңа бағдаршам нысандарын орнатуға қатысты ресми сауалға жауап берді.
Әкімдіктің хабарлауынша, жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында мердігер ұйым – «Чемпион» ЖК бағдаршамдарды басқаруға арналған бағдарламалық-аппараттық кешендерді орнату жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Келісімшарт талаптарына сәйкес 78 бағдаршамдық нысанды жеткізу және орнату қарастырылған. Олар заманауи бағдарламалық жасақтамамен жабдықталған. Бұл кешендер көлік ағындарын талдап, бағдаршамдардың жұмыс режимін автоматты түрде реттеуге мүмкіндік береді. Осылайша “ақылды бағдаршам” жүйесі іске асырылып, жол желісінің өткізу қабілеті артады», — деп хабарлады әкімдік.
Бағдаршамдарды орнату жұмыстары 2025 жылдың 30 мамырында жасалған екі келісімшарт негізінде жүргізіліп жатыр.
Әкімдіктің мәліметінше:
• №50 келісімшарт бойынша жұмыстардың құны – 985,6 млн теңге;
• №51 келісімшарт бойынша – 817,6 млн теңге.
Осылайша, Атырауда «ақылды» бағдаршамдарды орнату жобаларының жалпы құны 1,8 млрд теңгеден асып отыр. Жұмыстар бекітілген келісімшарттық міндеттемелер аясында жалғасуда.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау 0