
Париждегі Лувр музейіндегі атышулы ұрлықтан кейін Қазақстан полициясы отандық музейлердің күзет жүйесін тексеруді бастады. Олардың қатарында Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейі де бар.
Луврдағы атышулы ұрлық құқық қорғау органдарын Қазақстан музейлерінің қорғаныс сенімділігіне алаңдатты. Басталған тексеріс туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.
«Бізде нақты тізім бар – ұлттық және мемлекеттік музейлер полиция қызметкерлерінің қорғауында, ал бірқатар музейлер жергілікті атқарушы органдардың бақылауында. Тексеруді келесі апта соңына дейін аяқтап, үкімет арқылы тиісті ұсыныс енгіземіз. Қорғауды күшейту қажет екенін көріп отырмыз, сондықтан музей мүлкіне қарсы заңсыз әрекеттерге жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар береміз», – деді ол.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінде редакцияға күзетті «Жаннұр секьюрити» жеке фирмасы қамтамасыз ететінін айтты. Полицейлер экспонаттардың сақталу жағдайын тексеріп шыққан. Музей 85 жыл ішінде 60 мыңнан астам жәдігер жинаған, олардың ішінде бірегейлері де бар.
Еске сала кетсек, 2011 жылы қылмыскер кілт таңдап, облыстық тарихи-өлкетану музейіне кіріп, көне тапаншалар мен иконаларды, әшекей бұйымдар мен орден-медальдарды, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы дәуіріндегі гранатаны қолды қылған.
Полиция қылмыскер-рецидивисті тез арада қолға түсіріп, кейін оны жеті жылға бас бостандығынан айырды. Ұрланған құнды жәдігерлер қайтарылды.
«Осы оқиғадан кейін қауіпсіздік жүйесі күшейтілді. Бүгінгі таңда музей құндылықтарының сақталуына ешқандай қауіп жоқ», – деп атап өтті музей директоры Мұхамбетқали Кипиев.
Лев ГУЗИКОВ
«АЖ» мұрағатынан алынған сурет
В Атырау -1