
Атырауда осыдан бір ай бұрын өзін екі қыз қатыгездікпен ұрып-соғып, қала сыртына алып кеткенін мәлімдеген блогер Құралай Болатованың ісі бойынша сот процесі басталып жатыр.
Құралай Болатованың айтуынша, 3 қазанда кешке екі қыз "сөйлесейік" деген сылтаумен оны кафеден шығуға мәжбүрлеген. Содан кейін олар оны көлікке отырғызып, қалалық зиратқа апарып, онда ұрып-соғып, қорлаған.
"Мені алдап, алып кетіп, ұрып-соқты. Мен мұны назардан тыс қалдыра алмаймын. Кінәлілер жазалануы керек. Іс неге тек 108-бап бойынша қозғалды? Мені күштеп көлікке отырғызып, адам жоқ жерге апарып тастады - неге ұрлау қарастырылмайды? Заң бәріне бірдей болуы керек", - деп мәлімдеді ол бұған дейін.
Оқиғаның мән-жайына қарамастан қылмыстық іс ҚР ҚК 108-бабы ("Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықта зиян келтіру") бойынша ғана қозғалды.
Жәбірленушінің айтуынша, жанжал ол қыздар арқылы сатып алған және өзінің парақшасында жарнамалаған туристік турға байланысты басталған. Тур жүзеге аспады, содан кейін Құралай 100 мың теңгені қайтаруды талап етті. Осыдан кейін, оның айтуынша, қыздар осылайша "түсінісуге" шешім қабылдаған.
Бүгін сотта оқиғаның анық-қанығы, тараптардың айғақтары және күдіктілердің іс-әрекеттерінің сараптамасы қаралып жатыр. Болатова мен оның өкілдері жәбірленушіні алып кету және күш қолдану дерегіне сілтеме жасай отырып, ауыр бапқа ауыстыруды талап етуде.
Айта кету керек, Атырау қалалық прокуратурасы бұған дейін блогер Құралай Болатова таратқан "күдіктілердің бірі прокуратура қызметкерінің туысы" екені туралы ақпаратты ресми түрде жоққа шығарған болатын.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -6