
Алматы облысында «дропперлік» әрекеті үшін жаңа Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша алғаш рет сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тексеру барысында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғыны алаяқтарға ұрланған қаражатты аударуға делдал болғаны анықталды. Әйел адам OLX сайтындағы «онлайн-төлемдер операторы» туралы жалған хабарландыруға алданып, өзінің банк картасын қылмыскерлерге пайдалануға берген.
Қыркүйек айынан бастап оның шотына 2 миллион теңгеден астам қаражат түскен. Әйел адам әрбір аударымнан 5 пайызын «комиссия» ретінде қалдырып отырған, ал қалған қаражат алаяқтардың есепшоттарына жіберілген.
Прокуратураның дерегіне сәйкес, бұл – алаяқтар жиі қолданатын схема. Олар ұрланған ақшаны қолма-қол ету үшін өз шоттарын пайдалануға дайын адамдарды іздейді. Енді заң мұндай «дропперлерге» де, олардың іс-әрекеттерін ұйымдастыратындарға да қатаң жаза белгілейді.
2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап «дропперлік» әрекет қылмыстық жауаптылыққа жатады. Жауапкершілікке тек өз реквизиттерін бөтен адамдарға беретіндер ғана емес, сондай-ақ өзгенің банк карталарын сатып алатын немесе пайдаланатын адамдар да тартылады.
«Дропперлік» әрекет, яғни басқа тұлғалардың шоттарын қылмыстық мақсатта басқару үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық қарастырылған.
Банктік карталарыңызды, ПИН-кодтарыңызды, логиндеріңіз бен құпиясөздеріңізді бөгде адамдарға бермеңіз. Күмәнді интернет ресурстарда жеке деректеріңізді енгізуден сақтаныңыз.
В Атырау -1