
Кеше кештен бері бірнеше ықшамаудан тұрғындары краннан шыққан судан өткір химиялық иіс сезіліп жатқанын айтып шағымдануда. Ал коммуналдық кәсіпорын суды тазарту қондырғылары қалыпты жұмыс істеп, судың сапасы нормаларға сай екенін мәлімдеді.
Атыраулықтардың хлор иісіне қатысты шағымдарына жауап ретінде «Атырау облысы Су Арнасы» КМК су тазарту қондырғылары қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады.
Кәсіпорынның мәліметінше, су сапасы үздіксіз бақыланады, зертхана әр сағат сайын сынама алып, судың шығу кезіндегі көрсеткіштері талапқа сай. Ұйым өкілдері тұрғындардың шағымдарына байланысты барлық ықшамаудандардан қосымша сынамалар алынғанын, талдау аяқталғаннан кейін нәтижелері жарияланатынын айтты.
Алайда бірнеше ауданның тұрғындары судың иісі соншалықты өткір екенін, тіпті оның иісі пәтерлерге сіңіп кететінін айтуда. Алғаш болып шағымданған Нұрсая ықшамауданының тұрғыны дүкендерден үйреншікті 19 литрлік ауызсу бөтелкелерін таба алмағанын айтады. Су жеткізу қызметтері ауызсу уақытша біткенін хабарлаған. Ал крандағы су, оның сөзінше, хлор емес, «дуст» секілді өткір химикаттың иісін шығара бастаған. Әйел адамның айтуынша, сол иістен көзі жасаурап, тамағы ашыған.
Бүгін Нұрсая тұрғындары хлордың иісі әлі бар екенін, бірақ кешеғідей қатты емес екенін айтып отыр. Осындай шағымдар кеше Жұмыскерден де түскен — тұрғындардың айтуынша, ол жақта иіс ерекше өткір болған.
Ал Алмагүл ықшамауданында мұндай иіс байқалмаған.
Қаланың кейбір тұрғындары бұл жағдайға жуырда жүргізілген жаппай кеміргіштерге қарсы химиялық залалсыздандыру себеп болуы мүмкін деп болжайды. Иіске қатысты алғашқы шағымдар 25 қарашада түскен. Тұрғындардың айтуынша, иіс таңертеңнен бастап байқалып, кешке дейін сақталған.
Қала тұрғындары ресми түсініктеме күтуде және не болып жатқанын түсінгісі келеді, өйткені ресми ақпарат пен олар нақты сезіп отырған жағдай бір-бірімен сәйкес келмей тұр.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау -1