
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Қатар мемлекетіне ресми сапармен барып, бірқатар маңызды келіссөздер жүргізді.
Қатардың Бас Прокуроры доктор Иса бен Саад Әл-Нуаймимен кездесуде адам құқықтарын қорғау, қылмысқа қарсы күрес және халықаралық қауіпсіздік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды. Қатар тарапы Қазақстан прокуратурасының басым бағыттарымен таныстырылды: халықаралық серіктестік, заңсыз алынған активтерді қайтару, инвесторлардың құқықтарын қорғау және қылмыспен күрес.
Берік Асылов жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды пайдалану арқылы есірткі айналымына, ұйымдасқан қылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейту қажеттігін атап өтті. Өз кезегінде Қатар прокурорлары қылмыстық зерттеулер институтының жұмысын, киберқылмысқа қарсы қабылданған шараларды және ақпараттық жүйелерді таныстырды.
Кездесу қорытындысында тараптар екі маңызды құжатқа қол қойды:
- Қазақстан мен Қатар арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісім – ол сотталғандарға жазаны өз елінде өтеуге мүмкіндік береді.
- Бас прокуратуралар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум – тәжірибе және құқықтық ақпарат алмасуды көздейді.
Айта кетсек, бұған дейін 2024 жылғы 14 ақпанда екі ел ұстап беру және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы келісімдерге қол қойған болатын.
Осылайша, Қазақстан мен Қатар арасында қылмыстық іс жүргізу саласында толыққанды шарттық-құқықтық база қалыптасты. Бұл азаматтардың құқықтарын қорғау, қылмыспен күрес және құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы күш-жігерді біріктіруге жол ашады.
Тараптар қол жеткізілген нәтижелерді жоғары бағалап, ынтымақтастықты барлық салаларда одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
В Атырау +4