
Астана қаласындағы №3 қалалық балалар ауруханасы директорының медициналық бөлім жөніндегі орынбасары, жоғары санатты педиатр Роза Өтегенқызы Баженова ЖРВИ мен тұмау маусымында ата-аналарға баланы қалай қорғау керектігі жөнінде кеңес берді. Ол өзбетінше емдеудің қауіпті екенін ескертіп, дәрігерге дер кезінде жүгінудің маңызын атап өтті.
Қайда жүгіну керек?
Дәрігердің айтуынша, кешкі сағат 18:00-ден кейін ата-аналар баланың қызуы көтерілгенін байқап, бірден инфекциялық ауруханаға барады. Алайда көп жағдайда бұл қажет емес.
Алғашқы белгілер байқалғанда, күн сайын таңғы 8:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін емханалардағы сүзгі-кабинеттер мен жедел жәрдем бөлімшелеріне жүгінген дұрыс. Сондай-ақ, учаскелік дәрігермен байланысып, қажет болса мобильді бригада шақыруға болады.
Егер баланың жағдайы нашарлап, жиі құсу, тырысулар, тамақтан бас тарту секілді белгілер байқалса — дереу жедел жәрдем шақыру қажет.
Қауіпті белгілер мен асқынулар
Қазіргі маусымда А тұмауының H3N2 штамы белсенді таралуда. Бұл вирус агрессивті ағыммен ерекшеленеді және келесі белгілермен көрінеді:
- Ыстықты түсіретін дәрілерге әсер етпейтін жоғары температура
- Тырысулар — тіпті дені сау балаларда да
- Ларингит, көмейдің ісінуі
- Іштің ауыруы, асқазан-ішек жолдарының бұзылуы
- Жалпы әлсіздік, уыттану
Асқынулардың ішінде:
- Жоғары температура мен айқын ларингит
- Рей синдромының даму қаупі (әсіресе дұрыс емделмеген жағдайда)
- Мұрыннан қан кету, құсу, іштің ауыруы
Дәрілерді қолданудағы сақтық
Роза Баженова ата-аналарға ыстықты түсіретін дәрілерді — парацетамол мен ибупрофенді — тек жас мөлшеріне сай, дәрігердің нұсқауымен ғана қолдануға кеңес берді. Парацетамолдың артық дозалануы бауырдың зақымдалуына әкелуі мүмкін. Ал аспиринді балаларға мүлде беруге болмайды — Рей синдромының қаупі жоғары.
Сондай-ақ, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктерді өзбетінше тағайындауға болмайды. Олар тек нақты көрсетілімдер бойынша және дәрігердің бақылауымен ғана қолданылуы тиіс.
Егер дене қызуы түспесе, дозаны арттырмай, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет.
Эпидемиологтардың ұсыныстары:
- Адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу
- Қоғамдық жерлерде маска кию
- Қолды жиі жуу және бөлмені желдету.
В Атырау -1