
Атырау облысында 1 желтоқсан — Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне орай 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында алдын алу айлығы ұйымдастырылып жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «АИТВ инфекциясының алдын алу облыстық орталығы» мамандары хабарлады.
Эпидемиология бөлімінің дәрігері Динара Жарылғасова облыстағы жағдайға тоқталды. Оның айтуынша, биыл 10 айда тұрғындардың 16,2%-ы АИТВ-ға тест тапсырып, олардың 0,05%-ынан вирус анықталған. Науқастардың 85%-ы қалалықтар, 15%-ы ауыл тұрғындары.
-
Жұқтыру жағдайларының 68,8%-ы гетеросексуалдық, 29,7%-ы гомосексуалдық қатынас арқылы, 1,6%-ы есірткіні инъекция арқылы қолданғанда болған, — деді дәрігер.
Анықталған адамдардың 34,4%-ы 20-29 жас аралығындағы жастар. 60 жастан асқандар арасында да 4,7% жағдай тіркелген.
Анадан балаға жұқтырудың алдын алу жұмыстары жалғасуда. Биыл есептегі 11 411 жүкті әйелдің 99,9%-ы, ал олардың серіктестерінің 95,5%-ы тестілеуден өткен. Жүкті әйелдер арасында инфекция тіркелмеген.
Емдеу бөлімінің меңгерушісі Альфия Қарабекова емдеу мен профилактика шараларына тоқталды:
-
АИТВ анықталған адамдарға тестілеу, бақылау, зертханалық тексеріс және вирусқа қарсы ем толығымен тегін көрсетіледі. Қазіргі АРТ-препараттар күніне бір ғана таблетка қабылдаумен шектеледі, бұл тиімді әрі қолайлы, — деді ол.
Зертхана автоматты құрылғылармен жұмыс істейді, бұл нәтижелердің тез және дәл шығуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, халықтың осал топтарымен жұмыс, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу және қарым-қатынасқа дейінгі профилактика (ДКП) бағдарламалары жүргізілуде.
Брифинг соңында спикерлер кез келген адам орталыққа немесе емханаға келіп, анонимді түрде тегін тест тапсыра алатынын және барлық ақпарат құпия сақталатынын айтты.
В Атырау +4