Атырау, 21 желтоқсан 10:07
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Экология департаменті «ЖайықМұнайГазбен» соттасуда

3 820 просмотра

Биылғы жылдың маусымында облыстық экология департаментінің қызметкерлері «ЕмбіМұнайГаз» АҚ бөлімшесінің бірі – «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ-нің қатарынан үш кеніште ауаны ілеспе газбен бүлдіріп жатқанын әшкерелеген еді («АЖ», 10.06.13 ж., «Газ, көзбояу және бейнежазба» жарияланымын қараңыз). Қазіргі уақытта Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындыны кері қайтарып алуына байланысты департаменттің «ЖайықМұнайГазға» осы кеніштерде мұнай өндіруді тоқтату туралы талап-арызы қаралуда. 

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢ ақпараты бойынша, сот отырысы 17 қыркүйекке белгіленген. Әңгіме Шығыс Мақат, Шығыс Жаңаталап және Оңтүстік-Шығыс Новобогат кеніштерінде мұнай өндіруді тоқтату туралы болып отыр.

Естеріңізге салсақ, жоспардан тыс тексеру барысында экологтар түсірген бейнежазбада Оңтүстік-Шығыс Новобогат кенішінде бүкіл ілеспе газ көлемі көзге көрінбейтін 2 метрлік тұрба арқылы ауаға жайылғандығы анықталған. Ал сол кезде Экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВ түсіндіргендей, «ЖайықМұнайГаз» газды кәдеге жаратуға міндетті болатын. Алауларда өртеуге «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР Заңымен тыйым салынған (апатты жағдайларды қоспағанда). Рұқсатсыз өртегені үшін компаниялар миллиондаған айыппұлдар төлейді.

Осылайша, отандық мұнай компаниясы ілеспе газды кәдеге жарататын заманауи жабдықтарды орнату шығындарымен қоса экологиялық айыппұлдардан құтылмақ болып, оны ашық атмосфераға тастаған.

Сот тәжірибесінде «экологиялық» процестер жиі кездеседі. Облыстық мамандандырылған экономикалық сотының шешімімен биылғы жылдың 19 тамызында облыстық СПИД-пен күрес және алдын алу орталығының құрылысы тоқтатылды. Тексеру барысында «Уральскстройинвест» ЖШС мердігер компаниясының экологиялық заңнама талаптарына қарамастан құрылыс жұмыстарын жүргізу кезеңінде қоршаған орта эмиссиясына рұқсат алмағаны анықталды. Түрлі мерзімде экологиялық заң бұзушылықтар жасағаны үшін «Болашақ» зауытының аумағында топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізетін «Ренко Кат» ЖШС АФ-ның, теміржол көлігі қызметтерін көрсететін «Локомотив сервис орталығы» АҚ АФ-ның, «Жұмағалиева Р.» ЖК-ның, «ЖайықБетонИнвест» ЖШС-нің қызметі тоқтатылды.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

19 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.