Атырау, 26 қараша 13:42
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Газ, көзбояу және бейнежазба

4 748 просмотра

«ЕмбіМұнайГаз» АҚ бөлімшелерінің бірі - «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ-ге тиесілі Оңтүстік-Шығыс Новобогат (ОШН) және Шығыс Жаңаталап кеніштерінде экологиялық тұрғыдағы варварлық жұмыс әдістері туралы белгілі болды. Облыстық экология департаментінің қызметкерлері түсірген бейнежазбада ОШН-да ілеспе газды кәдеге жаратудың орнына оның бүкіл көлемін 2 метрлік тұрба арқылы жіберіп, ауаны улап жатқаны тіркелген.

 

«КӨРІНБЕЙТІН» ТҰРБА

Исатай ауданы тұрғындарының экологиялық проблемалары туралы біз әлденеше рет жазған едік. Өткен жылдың желтоқсанында осылайша түнгі уақытта және алау қондырғылары арқылы ауаны газбен бүлдіріп жатқан «Потенциал Ойл» ЖШС қызметі әшкере болған еді. Ал Оңтүстік-Шығыс Новобогат кенішінде одан да сорақы әрекетке барған: газ тапа-тал түсте, жай көзге іліне қоймайтын елеусіз тұрба арқылы жайылған.

Облыстық экология департаментінің бастығы Ербол ҚУАНОВТЫҢайтуынша, соңғы уақытта Жанбай мен Аққыстау елді мекендерінің тұрғындары үнемі газдың иісі шығып, осыған байланысты басымыз ауырады деген шағымдарды көп айтатын болған.

– Сол жердегі ахуалды анықтау үшін, 1 маусымда біз табиғат қорғау прокурорының көмекшісімен бірге Исатай ауданындағы кеніштерін араладық. Алыстан-ақ бейнежазбаға түсірілгендей, көгілдір реңді газ үнемі шығып тұрған тұрбаны байқадық.  Біздің аспаптарымыз зиянды заттектердің шекті рұқсат етілген концентрациясының әлденеше есеге асқанын көрсетті. Ол жерде ұзақ болу мүмкін емес. Егер сіздің пәтеріңіздегі конфоркадан газ шығып тұрса, қалай болатынын өзіңіз елестетіп қараңызшы. Сіздерге әрі кеткенде 15 минут жетеді. Ал бұл жерде газ жылына 365 күн бойына жіберіледі, - дейді Қуанов. – Мен мұны қылмыс деп есептеймін. Түсіндірейін, заң бойынша «ЖайықМұнайГаз» МГӨБ газды өз мұқтаждықтары үшін кәдеге жаратуға міндетті болды. Оны алауларда жағуға, апатты жағдайларды қоспағанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР заңымен тыйым салынған. Ал рұқсатсыз өртегені үшін компания бәленбай миллиондаған айыппұлдар төлейді. Өртеніп жатқан алаулар күндіз де, түнде де көрініп тұрады. Сондықтан біреу-міреу байқап қалып, бізге хабарлар деп компания қауіптенеді. Міне, сөйтіп «ЖайықМұнайГаз» газден құтылудың тәсілін – бүкіл көлемді білдірмей ауаға жіберуді ойлап шығарды. Неліктен бұл газды тазартып, халыққа тұтыну үшін бермеске?! Демек, «ЖайықМұнайГаз» халықтың денсаулығы мен қоршаған ортаға әжептәуір залал келтіріп, табиғат байлығын тиімсіз пайдаланып отыр.

Осыдан келіп, «ЕмбіМұнайГаз» АҚ ілеспе газды кәдеге жарату мәселесін шешкісі келмей отыр деуге болады. Әлі күнге дейін «Жайықмұнайгаз» бен «Мақатмұнайгаз» МГӨБ-де газ тазартатын құрылғы салу мәселесі созылып келеді. Бұл фактілер сұмдық. Халық неге зардап шегуі тиіс?!

Аспаптар нақты нені тіркеді?

– ОШН-да диаметрі 10дюйм болатын тұрба табылды. Аспаптар оның құрамында СO (көміртек тотығын) – 13,8 мг/м3 («Элан-СО» нализаторында), СН – 62,3 мг/м3 (ФГ-2 анализаторында), СО – 16 ППМ (ХАМ-5000 анализаторында), SO2 – 0,3 ППМ бар екенін көрсетті.

Барлық параметрлер бойынша дерлік шекті рұқсат етілген концентраттар асып кеткен. Кеніштегі операторлардың, Аққыстаудың тұрғылықты халқының осынау сұмдық фактілерді білгенімен, жұмыстан шығарып жібереді деп қорқып, жақ ашпағаны қынжылтады.

 

«БӘРІ ҮНЕМДЕУДІ ОЙЛАЙДЫ, ЭКОЛОГИЯНЫ ЕШКІМ ОЙЫНА АЛМАЙДЫ»

– Осы факті бойынша қандай шара алдыңыздар?

– Біз жоспардан тыс тексеру ісін ашып, оны прокуратураға тіркеттік. Бір шешім ғана бар: бұрын берілген мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын кері қайтарып аламыз да, «ЖайықМұнайГаз» барлық заң бұзушылықтарды жойғанға дейін, атап айтқанда газды толықтай кәдеге жарату туралы мәселені шешкенге дейін мұнай өндіруді тоқтату үшін істі сотқа жолдаймыз.

– Бірақ газды кәдеге жаратуға қатысты мәселе іс жүзінде шешілмесе де, өткен жылы «ЖайықМұнайГазға» оң қорытынды берілген еді ғой.

– Өйткені олар газды арнайы пештерге қыздырып, толықтай өз мұқтаждықтары үшін пайдаланатынын көрсетті. Бірақ, шамасы мұнай өндіру көрсеткіштерінің соңына түскендіктен ілеспе газдың ағынына пештердің шамасы келмей қалған секілді. Ал оны өртеуге болмайды, бәленбай миллиондаған айыппұлдар салынуы мүмкін. Міне, сосын да ауаны улап жатыр. Бүгінде газды өртеуге заңдардағы кемшіліктің салдарынан тек Прорва тобының кенішінде ғана рұқсат бар. Мен бұл туралы ҚОҚМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің көшпелі отырысының барысында баяндамамда айтқан едім Шалағай заң және шектен шыққан мөлшерлер» жарияланымын қараңыз). Қысқасы, бәрі үнемдеуді ойлайды, ешкім экологияны ойына да алмайды.

Бұдан басқа, осындай фактілерді біздер «ЕмбіМұнайГаздың» бөлімшелерінен анықтадық. Мәселен, Шығыс Мақат кенішіндегі «МақатМұнайГаз» МГӨБ‑де де жасырын тұрбадан газ жіберілген.

Ал 7 маусымда сағат 14.40-та және 8 маусымда түнгі сағат 03.15-те Шығыс Жаңаталап кенішінде («ЖайықМұнайГаз» МГӨБ) РВС-400 м3 мұнай резервуары табылды, ол жерден арнайы ашық қақпақ арқылы қысыммен ілеспе газ жіберілген. Бізді таң қалдырған тағы бір нәрсе: өлшегіштер күкірт диоксиді SO2 33 ППМ (94,38 мг/м3), күкіртсутек құрамы – 37 ППМ (ол-56,24 мг/м3) құрағанын көрсетті. Бұл рұқсат етілген шекті мөлшерден бірнеше есе асып кетеді. «Ембімұнайгаз» осы кеніштердегі ілеспе газда күкіртсутек жоқ деп үнемі сендіріп келген еді.

Осындай ашықтан ашық алдап отырған кеніштер бойынша жете айналысып, мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысын кері қайтарып алатын боламыз.

Біздің өңіріміз үшін ілеспе газды кәдеге жарату және өртеу проблемалары бірінші кезекте тұр. Сондықтан осындай өрескел заң бұзушылықтарға өзіміздің ұлттық компаниялардың жол беріп отырғанын сезіну жанға батады. Бүгінде газды тазарту, залалсыздандыру және кәдеге жарату жөніндегі жаңа технологиялар нарықта жеткілікті. Соңғы кездері «ЕмбіМұнайГаз» АҚ экологиялық мәселелерді елемейтін болған. Егер осылай жалғаса берсе, мұнай өндіруге тыйым салу мәселесін қоятын боламыз.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

10 маусым 2013, 23:47

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.