
Атырау тұрғындарының бірінен «облыс әкімдігі артындағы Сұлтан Бейбарыс алаңындағы тас төсемдерін не үшін қайта төсеп жатыр?» деген сауал келіп түсті.
“АЖ” тілшісі алаңда арнайы киім киген адамдардың, сөздеріне қарағанда Өзбекстаннан келген болуы мүмкін, шынымен де тас төсемдерін алып, кері салып жатқанына көз жеткізді. Олар "қисық жатқан тастарды түзеп жатырмыз" деп жауап берді.
Қала әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, Сұлтан Бейбарыс алаңында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның аясында: төсем тастары қалыпқа келтіріліп жатыр (ойықтарды реттеу, сынғандарын ауыстыру); ескерткіш аумағындағы төсемтастар мен мәрмәр жабындылар толықтай жаңартылу; алаңның жарықтандыру жүйесі жаңартылу жұмыстары жүріп жатыр. Жоба жылдың соңына дейін аяқталады деп жоспарланған. Аталған мақсатқа жергілікті бюджеттен 73 млн теңге бөлінген. Тапсырысшы - қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі. Жұмыстарды “Актобегорэнергосервис” ЖШС мердігер мекемесі атқаруда.

Бұл компания 2006 жылдан бері жұмыс істейді. Директоры әрі құрылтайшысы – Дамир Кушимов. Kompra.kz мәліметінше, фирманың негізгі қызметі – түрлі тауарларды көтерме саудада делдалдықпен сату. Компанияның Атырауда тас төсем мен мәрмәр төсеумен қалайша айналысып жүргені әзірге түсініксіз, бірақ жыл соңына дейін бітіреміз деп уәде беріп отыр.

Айтпақшы, көршілес бүлінген жағалау бөлігі бұл жобаға кірмеген. Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бұған: «Бұл қаралмаған» деп жауап берді. Демек, плиткадағы қисық жерлерді көріп, ал алаң жанындағы бүлінген жерлерді елемегені ғой.
Айнұр САПАРОВА
Суреттерді түсірген автор
В Атырау +2