Жылжитын және жылжымайтын мүліктерге салынатын салық бойынша бережақтарды төлеген соң, тыныш ұйықтап қана қоймай, жаңадан шыққан гаджетті ұтып алуға болады.
11 қыркүйекте қалалық әкімдіктің, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының, сот шешімдерін орындау жөніндегі департаменттің, қалалық салық басқармасы мен ЖПБ-ның біріккен акциясы басталды. Өкілдік комиссиясы көліктерді тоқтатып, бережақ болған жағдайда көлік қожайындарына оны электронды үкімет порталы арқылы төлеп, сонымен қатар «НИТ» АҚ өткізетін акцияға қатысуға шақырады. Салық (көлікке, мүлікке және жерге салынатын) бережағын төлеген кез-келген азамат өзі болсын немесе акция барысында болсын, 1414 нөміріне қоңырау шалып, қатысушы ретінде тіркеле алады. Сондай-ақ, төлем чегінің бірегей кодын, төлем күнін, өз ЖИН-ін, электронды мекен-жайы мен телефонын көрсету керек. Қатысушыларға тіркеу нөмірлері беріліп, сол бойынша ұтыс ойналады. Ұтыс ойыны үш мәрте өткізіледі: 18 қыркүйекте, 18 қазанда және 18 қарашада. 200 сыйлық ойналады, соның ішінде 16 планшетті компьютер, 16 сандық фотоаппарат, 16 ұялы телефон және т.б. бар.
– Қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы төлеу үшін сандық қолтаңба қажет емес. Сыйлықтар бейнеконференциялық байланыс арқылы лотереялық барабан көмегімен ойнатылатын болады. Қатысушылар Сәтпаев даңғылы, 23 мекен-жайындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына жиналулары тиіс, - дейді облыстық ХҚО директорының орынбасары Тұрлан НҰРЖАНОВ.
Қандай да болмасын себептермен ұтыс ойынына тікелей қатыса алмаған қатысушылар 1414 нөмірі бойынша қоңырау шалып, нәтижесін біле алады немесе электронды үкімет сайтынан жеңімпаздардың тізімімен таныса алады. Әр қатысушы айдың ұтыс ойынына төленген бір чек қана бере алады. Егер оның чегі біреуден көп болса, оларды әр ұтыс ойынына бір бірден бөліп салуға болады. Бір ұтыс ойынының жеңімпазы келесі ұтыс ойындарына қатыса алмайды. Атырауда тек көлік салығы бойынша бережақ 48 млн теңгені құрайды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА