Облыстық «Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстары қызметі» ММ басшысының міндетін атқарушы Салауат ӘЖІҒАЛИЕВ хабарлағандай, кеше, 12 қыркүйекте 20 сағат 7 минутта «101» пультіне Ширина поселкесі, Партсъезд көшесі, 1 мекен-жайындағы «АтырауМұнайӨнімдері» АҚ мұнай базасындағы мұнай резервуарларының бірінде өрт тұтанғандығы туралы телефон қоңырауы түскен.
Өрт сөндірушілер келген кезде ол жерде сыйымдылығы 2 мың тонна болатын резервуардың өртеніп жатқандығы анықталды. Резервуардың қақпағы қатты күшпен атылып, өрттің мұнай өнімдері бар көршілес резервуарларға жайылу қаупі төнген.
Қызмет көрсетуші қызметкерлердің айтуларынша, өрт тұтанған резервуардан бензин 11 қыркүйекте құйылып алынған, ал одан кейін буландыру жүргізілмеген де ыдыстағы бензин буы тұтанған. 20 сағат 45 минутта өрт тұйықталып, 21 сағат 01 минутта өшірілді.
Өртті сөндіруге Атырау гарнизонының 8 өрт сөндіру көлігі мен «АМӨЗ» ЖШС мен «АТМА Әуежай» АҚ-ның бір-бірден көліктері жұмылдырылды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ