
Қаржылық мониторинг агенттігі прокуратураның үйлестіруімен Атырау облысында ауқымды жедел-тергеу іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Тергеу барысында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан» қаражатты заңсыз шешіп алуға қатысы бар 5 қылмыстық топ әшкереленген.
Ұйымдастырушылар жалған құжаттар арқылы елдің әр өңірінде (Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда) орналасқандай етіп 30-дан астам стоматологиялық клиникаларды пайдаланғаны анықталған. Шын мәнінде, бұл клиникалар тек қағаз жүзінде болып, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары, жабдықтары және білікті қызметкерлері болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ.
Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10–20% заңсыз сыйақы ұстап отырған. Ақша қолма-қол айналымға 226 «дроппер» арқылы шығарылған, жалпы көлемі 200 млрд теңгеден астам.
Зейнетақы салымшыларының ақшасына күдіктілер 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade), сондай-ақ зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін сатып алған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікті іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Қазіргі уақытта 59 тінту жұмысы жүргізілген, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған. Тергеу барысында тек схеманы ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға берілетін болады, ал өз жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды.
ҚМА мәліметінше, барлық процессуалдық әрекеттер қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізілуде, адвокаттармен байланыс шектелмеген. Ұсталғандардың қорғану құқығы бұзылып жатыр деген ақпарат шындыққа сәйкес емес.
Еске салсақ, ұсталғандар туралы ақпарат 12 қыркүйекте жарияланды. Сол уақытта адвокаттар өз қорғауындағы тұлғалардың құқықтарының бұзылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, редакцияның тілшісі анықтағандай, ұсталғандар саны мен тәркіленген автокөліктерге байланысты Атыраудағы уақытша ұстау изоляторлары және жергілікті ЭТД автотұрағы лық толған.
В Атырау +2