4 қыркүйек күні облыстық әкімдікте өзгеше қабылдау өтті. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ өмірдегі ең маңызды құпияны – бақытты отбасын қалай құрып, қалай сақтау керектігі туралы білетін адамдармен дастархандас болып, әңгіме-дүкен құрды.
Отбасы күнін атап өту қарсаңында әкімдікке 10 әулеттің отағалары шақырылды. Олардың әрқайсысы - облысқа танымал жандар. Бірі мұнайшылар әулеті болса, екіншілері адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтайды, үшіншілері асыранды балалары үшін ең жақын туған адамдарына айналған. Іс жүзінде, әрине, тату-тәтті отбасылар анағұрлым көп, алайда шағын залға олардың бәрін сыйғызу мүмкін емес еді.
Мен олардың бірге ұзақ та бақытты өмір сүру жолдарын, бір-бірін құрметтеу, сүю, қолдау көрсету секілді құпияларын тыңдай отырып, Лев Николаевичтің барлық бақытты отбасылар бір-біріне ұқсайды деген сөзі рас екен ғой деп ойладым. Әрине, осындай қарапайымдылықтың артында ақыл мен жүректің үздіксіз жұмысын, дұрыс шешімге жөн сілтейтін жылдар өте қалыптасқан даналықты көруге болады. Өйткені ерлі-зайыптыларға әрекет етудің әмбебап тәсілдері қандай екенін ең жақсы деген отбасылық психолог та айта алмайды.
Индерлік Асылбек ХАСАНОВ пен Қалы ҒҰМАРОВА патронатты тәрбиешілер деп есептеледі. Іс жүзінде олар қамқорлықсыз қалған алты бала үшін шынайы ата-ана бола білген. Жаратқан оларға бір ұрпақ қана сыйға тартыпты, ал олар жеті баланы тәрбиелеп өсірген. Кезінде «Ақбота» балалар үйінен 4 бала алыпты: үлкені әскер қатарында борышын өтеп келіп, қазір еңбек етуде. Қызы тұрмысқа шыққан, үшінші ұлы студент, төртіншісі 11-сыныпта оқиды. Оларды аяқтарынан тұрғызып, енді қайтадан отбасын толықтыруды ойға алған. Мамырда №1 интернаттан тағы екі баланы алыпты. Ендігі мақсаттары – оларды жақсы адам етіп тәрбиелеп шығару.
- Біздің балаларымыз тамаша, еңбекқор, ынталы, өнерді жақсы көреді, ән айтып, би билейді. Біз оларға өзіміздегі бар жақсыны бергіміз келеді, олар да бізге соны қайтарады, - деп әңгілемейді Қалы Ғұмарова.
Юрий ШКОДИННІҢ бүкіл ғұмыры АМӨЗ-бен байланысты, зауытқа жас кезінде, әскер қатарынан оралған бойда келген. Осы жерден өмірлік жарын жолықтырған. Ұлдарының бірі бүгінде АМӨЗ-де, ал екінші ұлы Румынияда зауытта жүмыс жасайды.
- Отбасында алған тәрбие тұлға боп қалыптасуға ықпал етеді. Бұл жерде, әрине, әйелге көп жүк түседі. Өйткені ол жұмыс та жасайды, үй шаруашылығымен де айналысады, балаларға да қарайды,– дейді Юрий Шкодин.
- Ерлі-зайыптылардан ғұмыр бойына қалай тату-тәтті өмір сүрдіңдер деп сұрайды. Оған күйеуі: біздер міндеттерімізді айқындап бөліп алғанбыз, мен зілзала апаттары және соғыс секілді жаһандық құбылыстарға жауап берсем, әйелім қалғанына жауап береді, деп жауап беріпті, - деп әзілдеді Дүйсембаев.
Жылыойлық ҚҰЛБАЛИЕВТАР (суретте) отбасында балалары ұрпақтан ұрпаққа әкелерінің істерін жалғастырып қана қоймай, ата-аналардың өнерге деген әуестіктерін де бөлісіпті. Әкесі Жабас аға мұнайшы әрі музыкаға құштар жан болыпты. Жабас ағаның өзі еңбек жолын жүргізушіден бастап, мұнай өндірісі директорының орынбасарына дейін көтерілген. Шығармашыл жан ретінде мұнайшылардың бүкіл байқаулары мен мерекелік шараларына қатысқан. Ол тіпті өзінің отбасылық «Мерей» ансамблін құрған. Зайыбы Алухия ӘДІЛҒАЛИЕВАМЕН бірге бес бала тәрбиелеп өсірді. Биыл алтын тойларын тойлаған, ал олардың тұңғышы кешікпей күміс тойларын атап өтпек. Олардың ғұмыры жүзеге асқан қазақтың арманындай десе болады: балалар үйлерін қара шаңырақтың айналасына салған. Жұптың 13 немересі мен 2 шөбересі бар. Балаларының да балалары мұнайшы мамандықтарын таңдаған.
- Мен бүлдіршіндерімді балабақша мен мектепке, келіндерімді дүкендерге апарамын, мереке сайын бүкіл отбасымызбен бірге бір дастархан басына жиі жиналамыз. Балаларымның өздері шөбере сүйіп отырса да, менің кеңестеріме құлақ асады. Баршаңызға осындай қарттықты тілеймін, – деді ақсақал.
Біз де оның тілегіне қосыламыз.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ