
Құлсары қаласының Атырау шағынауданында салынып жатқан мектеп шатырының бір бөлігі опырылып қалды.
Білім басқармасының мәліметінше, нысан ұлттық «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеріп жатыр және 1200 орынға есептелген.
«Құрылыс аяқталғанға дейін бағдарламаның жауапты әкімшісі – Атырау облысының құрылыс басқармасы», – деп нақтылады ведомство.

Қазіргі уақытта апат себептері мен зақым көлемі анықталуда.
Ұлттық пилоттық жоба аясында 2023–2025 жылдары 12 мектеп салу жоспарланған. Бұл бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Білім министрлігінің тапсырысына сәйкес «Samruk-Kazyna Construction» АҚ арқылы жүзеге асырылуда.
UPD:
«Samruk-Kazyna Construction» ресми мәлімдемесі
Құлсары қаласында 1200 орындық мектеп құрылысы кезінде орын алған жағдайға байланысты мынаны хабарлаймыз:
«Аталған нысанды «Turan Ascent» ЖШС ұлттық «Келешек мектептері» жобасы аясында салып жатыр. Мектепті 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Алдын ала деректер бойынша, шатырдың опырылуына құрылыс материалдарын сақтау және жинақтау талаптарының бұзылуы себеп болған. Атап айтқанда, спорт залдың төбесінің шектеулі бөлігіне 6 тоннадан асатын ауыр жабын материалдары қойылған, соның салдарынан құрылымдық элементтерде жергілікті зақымдану орын алған.
Жағдайды егжей-тегжейлі зерттеу үшін тапсырыс беруші тарапынан басшылықтың, техникалық және авторлық қадағалаудың қатысуымен комиссия құрылды. Сонымен қатар, көтергіш конструкциялардың беріктігін және жобалық шешімдерге сәйкестігін тексеру үшін арнайы техникалық сараптама ұйымы тартылды.
Қорытынды шешім сараптама нәтижесі бойынша қабылданады. Барлық анықталған кемшіліктерді мердігер компания толықтай жоюға міндетті.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ «Келешек мектептері» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысында сапа мен қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды басты қағида ретінде ұстанады», – делінген ресми хабарламада.
Айгүл МАНСУРОВА
В Атырау -1