Атырау, 25 сәуір 21:58
 ашықВ Атырау +17
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Атырауда зияткерлік мектебі ашылды

4 490 просмотра

11 қыркүйекте Атырауда химия-биология бағытындағы «Назарбаев Зияткерлік мектебінің» салтанатты ашылуы өтті.

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ пен «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқармасының төрайымы Күләш ШӘМШИДИНОВА құттықтау сөз сөйледі. Бұл Қазақстандағы зияткерлік мектептері жүйесіндегі 15-ші оқу орны. Химия-биология бағыты кездейсоқ таңдалған жоқ. Атырауда химиялық өнімдердің алуан түрін шығарумен айналысатын ірі кәсіпорындар бар, алып газ-химия кешені салынуда.

Педагогика қызметкерлеріне әлденеше рет конкурстық іріктеу жүргізілді. Бір бос орынға 6 адам үміткер болды. Мектепте жұмыс жасау үшін конкурстық комиссия 74 маманды іріктеді. Оның 33-і мұғалімдердің біліктілігін көтерудің үш деңгейлі курстарынан өтті, 4-уі Назарбаев Университетінің базасында жылдық курсты аяқтады.Одан бөлек мектепте АҚШ, Ұлыбритания, Ирландия және өзге де елдерден келген 12 ұстаз жұмыс істейтін болады. 2978 оқушы 7, 8, 9, 10-сыныптарға іріктеуге қатысу үшін жаңа мектепте білім алуға ниет білдірді. Орташа алғанда бір орынға 4 адамнан келді. «Өркен» білім алу грантын 697 оқушы иеленді. Естеріңізге салсақ, мектеп 720 орынға есептелген және Нұрсая ықшамауданында орналасқан. Ол бүкіл қалалық коммуникациялық жүйелерге қосылған және жеке жылу қазандығы бар. 6 гектар учаскеде мектеп ғимараты, үлкен теннис, баскетбол және волейбол ойнауға арналған бірнеше спорт алаңдары, жарыс жолы, жасанды газоны бар футбол алаңы орналасқан. Қысқы уақытта алаңдардың бірін сырғанақ ретінде пайдалану жоспарланған.

Меймандар үшін ғимаратқа арнайы таныстыру экскурсиясы өткізілді. Мектепте орынжайлардың негізгі топтарын аймақтандыру қарастырылған: А блогы - 120 адамға дейін сыятын, ауысатын мінберлері бар спорт аймағы. Осы жерде жаттығу залы орналасқан. П блогы – 378 орындық көп функциялы мінберлері бар акт залы. Т блогы – тілдерді үйренуге арналған, 10 оқушыға дейін сыятын шағын кабинеттер және т.б. Әсіресе зертханалық кабинеттер, физика, химия сыныптары, әйнек шатыры арқылы түскен күн шуағы төгілген жинақы кітапхана, ең заманауи, соның ішінде стоматологиялық кабинеттерге арналған жабдықтары бар медициналық блок, үлкен видеотекасы бар өз телестудиясы әсер қалдырды.

Аудандағы оқушылар үшін 120 орындық жатақхана қарастырылған. Әр бөлме санитарлық тораппен, себілгімен жарақталған және 4 оқушыға есептелген. Жатақханада кезекші оқытушыға арналған бөлмелер, өздігінен сабақ оқуға арналған оқу кітапханасы, ата-аналармен кездесуге арналған бөлме бар.

Мектеп оқу процесін оңтайландыру үшін жаңа технологиялармен жабдықталған. Ғимаратта 60 кабинет бар, оның әрқайсысы стационарлық компьютермен және интерактивті тақтамен, сондай-ақ, 650 ноутбукпен жабдықталған.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.