
Қалада Жайық суын тазартатын төрт сүзгі станциясы жұмыс істеп тұр. Солардың ең жаңасы – биыл мамырда тапсырылған су сүзетін №5 станция. Станция қаланың оң жағалауында – Береке ауылында орналасқан. Жақында жергілікті журналистер осы нысанның жұмысымен танысты.
Жаңа станция қалай жұмыс істейді
Құрылысы жыр болған нысан тәулігіне 50 мың текше метр су қабылдайды. Су тазарту жұмысы екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – Жайық жағасында жүзбелі су айдау қондырғысы арқылы су қабылдап, сүзгіден өткізеді, кейін зарарсыздандырады. Ал тазарған суды тұндырып қойғаннан кейін қалған тұнбаны лайдан ажырату үшін декантерден, яғни тазартудан өткен судың тұнбасын бөліп алу үшін кері тазартып, бөлініп шыққан топырақты арнайы алаңға төгеді. Станция аумағында тазартылған суды сақтауға арналған 10 текше метрлік үш резеруар бар. Сонымен қатар, су айдайтын қондырғы арқылы екі 600 мм-лік құбыр арқылы қалаға таза су жеткізіледі.
- Бұрын тазартудан өткен су тұнбасын, яғни, лайды Жайыққа жіберіп жүрдік. Оның ішінде зарарсыздандыру кезінде қосылған химикат та Жайыққа кетіп қалу мүмкін еді. Балық қырылғаннан кейін қабылданған шешімдердің бірі – Жайыққа суды кері жібермес үшін осы тұнбаны су мен топырақтан ажыратып алатын қондырғы (декантер) салынды. Судың астындағы лай-балшығымен бірге осында жіберіліп, тоғыз бочкаға түсіп, нығыздалып, балшығы бөлек жиналады, су қайтадан фильтрге барады. Бұл – «нөлдік цикл» деп аталады, - дейді «Атырау облысы су арнасы» КМК директоры Мейірім Қалауи.
Балық қырылғаннан кейінгі өзгерістер
Еске сала кетсек, бұл өзгерістерге 2018 жылғы желтоқсандағы қайғылы жағдай түрткі болған еді. Ол кезде Жайықта 120 тоннадан астам балық, соның ішінде сирек кездесетін бекіре тұқымдастар қырылған болатын. Тергеу нәтижесінде ластаушы көздердің бірі – өзенге химиялық қоспалары бар сарқынды су жіберген «Атырау Су Арнасы» кәсіпорны екені анықталды. Сол кезде экологияға келтірілген залал миллиондаған теңгемен есептеліп, кәсіпорын басшылығы қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
- Жылда Береке, Самал, Нұрсая ықшамаудандарында су қысымы үнемі төмен болатын. Енді жаңа станция іске қосылғалы жағдай түзелді, – дейді кәсіпорын директоры. - Бұрын төрт фильтр істеп тұрды. Әрқайсысы 30 мың текше метр су қабылдайтын. Қыста біреуі апатты жағдайда болған соң тоқтаттық. №5 сүзгі станциясы іске қосылғалы 90 мың текше метр суға 50 мың текше метр су қосылды. Қазір қала 140 мың текше суды тазартады. Бұрын 120 мың болды.
«Атырау облысы су арнасы» КМК Атырау қаласы мен Мақат ауданын сумен қамтиды. Қалауидің сөзінше, бұрын 120 мың текше метр су қабылдап, тазартып шығаратын. Станция ескі болғасын 105-115 текше метр су тазартып шығарылатын. Биыл 115 мың текше метр су тазартылған. «Себебі, 20-25 мың қор болды» дейді Қалауи.
- Атырау қаласы мен Мақат ауданы тұрғындары жыл сайын қыста 75 мың текше метр суға дейін, жазда 120 мың текше метр суға дейін қажет етеді, - деп түсіндірді Қалауи. - Қазір тәулігіне сүзгі станциялары барлығы – 140 мың текше метр суды сүзгіден өткізіп, зарарсыздандырып тұтынушыларға жеткізіп етіп береді.
Жаңғыртудан өткен №5 станциядан бөлек, қалада 1939, 1964, 2010 жылы салынған станциялар жұмыс істеп тұр.
Рекордтық көлемдегі реагенттер
Одан бөлек, «Атырау ең көп пайдаланады химикатты, себебі су лас» деді.
Мұндағы химиялық реагенттер суды залалсыздандыру үшін қолданылады. №5 станция іске қосылған алғашқы үш айдың өзінде 120 тонна алюминий сульфаты, 150 килограмм полиакриламид коагулянты және шамамен 170 тонна натрий гипохлориті жұмсалған.
№5 станция аумағында қызметтік ғимарат, реагент шаруашылығы, қазандық, қосалқы станциялар және ішкі алаңдық жылу желілері орналасқан. Жүзбелі насос станциясы төрт су айдау қондырғысымен жабдықталған. Жүзбелі сорғы станциясы өзен суының деңгейі төмен болған жағдайда да жұмыс істей алады.
Суды тазарту процесі тұндыру, сүзу және натрий гипохлоритімен залалсыздандыру кезеңдерінен тұрады. Бұл гипохлорит осы жерде – тағамдық тұздан өндіріледі. Сонымен қатар, су үнемдеу мақсатында жуу суын қайталап пайдалану жүйесі енгізілген.
Тазартылған су көлемі әрқайсысы 10 мың текше метрлік үш резервуарда сақталып, одан әрі насос станциясы арқылы қалаға беріледі. Жобаның бас мердігері – «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Атырауда сүзгі станциясын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, оған 17 млрд 800 млн теңге жұмсалған.
Ұзаққа созылған құрылыс тарихы
№5 сүзгі станциясының құрылысы 2008 жылы, сол кездегі әкім Бергій Рысқалиевтің тұсында, Атырау қаласына қарасты Береке ауылында (бұрынғы «Ильич атындағы» ауыл) басталған. Құрылыс жұмыстары «Азия-Маркет С» ЖШС-не тапсырылған. Алайда, бұл компания кейіннен «Рысқалиев ісі» атымен белгілі болған сыбайлас жемқорлық ісіне тартылған.
2012 жылы станция ғимараты тұрғызылғанымен, жұмыстар сапасыз болғандықтан нысан іске қосылмады.
Үш жылға созылған құрылыс кезінде 4,4 млрд теңге бюджет қаражаты аударылғанымен, сүзгі станциясы аяқталмай, тоқтатылған ұзақ құрылыс нысандарының қатарына енді.
Тек 2022 жылы 9,2 млрд теңгеге қайта жаңғыртуға тендер жарияланып, жобалық-сметалық құжаттар қайта қаралды. Толық жұмыс істеуі үшін қосымша насос станциясы және сыртқы электрмен қамтамасыз ету жобасы қажет екені анықталды.
Қазір нысан толық жаңартылып, билік өкілдерінің айтуынша, Атыраудың оң жағалауындағы ауызсу тапшылығын айтарлықтай азайтуы тиіс.
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен видеоны түсірген автор
В Атырау +2 





