Атырау, 26 қараша 07:01
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

24-ші мектеп тарлық етеді

4 313 просмотра

Қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісі Алпамыс ҒИЛЫМОВТЫҢ әр жұма сайын жүргізілетін азаматтарды қабылдауы бұл жолы қарқынды өтті.

Таң атпай қалалық білім беру бөлімінің жанына Привокзальныйда орналасқан №24 мектептің ата-аналар тобы жиналды. Соның алдында кешкісін мектепте ата-аналар жиналысында оларды бір жаңалықпен абдыратып тастапты: оларға №18 мектептің (ескі ғимаратты күреп тастаған, жаңасын салуда) төменгі сынып оқушыларын «қоныстандырып», 9 қыркүйектен бастап балалар үш ауысыммен оқи бастайды екен. Ең реніштісі, «қожайындар» да 3-ші ауысыммен оқымақ. Әңгіме нөлдік сыныптан бастап төртінші сыныптағы бүлдіршіндер туралы болып отыр. Қалалық білім беру бөлімі меңгерушісінің қабылдауын ұзақ күтіп, онымен кездескен кезде ата-аналар бұған қатысты өз ойларының бәрін жайып салды.

- Бастапқыда 3-ші ауысымда біздің қонақтарымыз оқиды деп хабарланды. Содан кейін, шамасы, ата-аналары хабарласқаннан кейін шығар, олардың сабақ уақытын 1-ші және 2-ауысымға «көтеріп», ал бізді, керісінше, анағұрлым кейіндеу уақытқа ығыстырды. Нәтижесінде нөлдік сыныптағы бүлдіршіндерге сабақ күндізгі сағат 3-тен басталатын болды. Ал олар бұл уақытта ұйықтап үйренген. Оларды басқа мектептерге орналастыру ақылға сыймайды, бүкіл мектепте бала толық, - деп наразылық білдірді ата-аналар.

- Екі балам осы мектепке барады. Ұлым 4-сыныпта оқиды, қызым бірінші сыныпқа барды. 1 қыркүйектен бастап олар сабаққа бірге барып, бірге келіп жүрді. Дүйсенбіден бастап ұлым мектепке сағат 3-те баруға тиіс. Бүкіл кесте бұзылатын болды, өйткені ата-аналар балаларын қосымша сабақтарға, спорт үйірмелеріне жазып, ақыларын төлеп қойған еді. Мұғалімдерге де бұлай жұмыс істеу қолайсыз. Кейбірі жұмыстан кеткісі кеп жүр, - дейді Сәрсен ҚУАНОВ.

Алпамыс ҒилымовАлпамыс Ғилымов- Үш ауысымдық оқуды енгізу салдарынан оқу сағаттарының саны қысқарады – 5 сабақтың орнына 4-еу болатын болды. Тиісінше, мұғалімдерге қалып қойған белгілі бір сағат көлеміне есептелген оқу материалын «сыйдыруға» немесе қысқартып тастауға тура келеді. Мұның білім сапасын төмендетері күмәнсіз, - дейді сеніммен Елена ЕСАУЛКОВА.

Сол кезде ата-аналардың көзінше Ғилымов мектепке қоңырау шалып, жалпылама сөзбен «проблеманы реттеуге» бұйрық берді. Ауызша айтылған сөздің күшіне аса сеніңкіремеген (кейінірек анықталғандай, олары дұрыс боп шықты) ата-аналар жазбаша нұсқауды талап ете бастады. Бірақ Алпамыс Ғилымов менің сөзім жеткілікті деп, айтқанынан қайтпады.

Бір сағаттан кейін мектепке келген ата-аналар қалалық білім беру бөлімінің меңгерушісінің қателескенін түсінді.

№24 мектеп директоры Қали МАХАМБЕТОВ оқушылардың осындай көп мөлшері үшін оқу процесін реттеуге барлық мүмкіндік жасалғанына сенімді. Бірақ бүкіл ата-аналардың тілектерін орындау мүмкін емес екен.

- Біздің мектеп - 1817 бала, 90 сынып-жиынтық оқитын қаладағы ең үлкен мектеп. Тек төменгі сыныптардың өзі бізде 42, бұл 783 бала, оған нөл сыныптарын қосыңыз. Төменгі сыныпта барлығы 900-дей оқушы. 18-ші мектептің оқушыларына 4 кабинет бөлдік, олар 3 ауысыммен оқиды. Бізге қысылып-қымтырылуға тура келді, кабинеттер бәріне жетіспейді, біздің оқушылар үшін сабақтар үш ауысыммен жүргізілетін болады. 

- Балалар үшін мектепке дейінгі дайындықты бірінші және екінші ауысыммен оқитындай етіп ұйымдастыруға болмай ма? Бұл бүлдіршіндер үшін салмақ қой.

- Олар арнайы жарақталған кабинеттерде оқиды, олар бар болғаны екеу, ал нөл сыныбы 6-ау.

- Бірақ мектеп бұрын да балаларды мектепке дейін дайындады, сол кезде де олар үш ауысыммен оқыған жоқ қой.

- Бәріне орын жетпейді ғой. Ал 18-ші мектептің балалары да білім алулары тиіс.

- Олар сіздің мектепте қанша уақыт сабақ оқиды?

- Әзірге белгісіз, бірақ оқу жылының аяғына дейін оқитыны анық.

Қала жаңа мектеп ғимараттарына мұқтаж: оқушылар саны күрт өсіп барады, ал жаңа ғимараттарды салу және ескілерін қайта жарақтау қарқыны бұған үлгерер емес. Алдыңғы оқу жылында 17-ші мектепке күрделі жөндеу жүргізілді, оның оқушыларын басқа оқу орындарына «таратып» жіберді. Рас, сол кезде «қожайын» мектептерден шағымдар түскен жоқ. Бұл жолы «қоныстандыруды» ақылға салып жүзеге асырып, соған ілесе алуы үшін немесе басқа мектепті табу үшін мұғалімдер мен ата-аналарға оқу кестесі өзгереді деп алдын ала хабарлауы керек еді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ 

12 қыркүйек 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.