Құлсарыдағы 624 орындық мектепті 2012 жылдың желтоқсанында пайдалануға беру тиіс болатын. Қалаға бұл мектеп өте қажет. Себебі, оқушылар саны жылдан жылға артып келеді, сыныптар лық толы.
- Ал №9 мектепте жағдай өте мүшкіл, оқушылар үш ауысыммен оқып жатыр. Ата-аналар бізге шағымдарын талай айтып жүр, - дейді Жылыой ауданы МСЭҚБ бастығы Алмажай ҚАЛМҰХАНОВА.
Сынып бөлмелерінің жетіспеуінен оқушыларға қосымша дәріс беру, мектептен тыс шараларды ұйымдастыру қиындық туғызуда.
- Автожолшылар мөлтек ауданындағы мектеп құрылысы бітіп, пайдалануға бергенде, №9 мектепте үш ауысыммен оқу болмайды деп жүр едік. Оқушылардың біразы жаңа мектепке көшіріліп, бәрі қалыпқа түседі деп ойладық. Бірақ, жаңа мектепті қашан салып бітіреді? - дейді Жылыой ауданы білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы Жанар ҚАЗИЕВА.
Мектеп құрылысының тапсырысшысы - облыстық құрылыс департаменті. Бас мердігері - «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС. Қосымша мердігері - «Қазстранссервис» ЖШС. Осы мекеме қазір құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізеді. Нысан құны - 900 млн теңге.
Бұдан бір жыл бұрын жауапты адамдар нысан мерзімінде пайдалануға беріледі деп сендірген еді. Жылыой аудандық әкімдігіндегілер мектеп құрылысының неге бітпей тұрғанын айта алмады. Олар облыстық құрылыс департаментінен сұрауға кеңес берді. Жуырда облыс әкімінің міндетін атқарушы Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВТЫҢ төрағалық етуімен болған селекторлық кеңесте Жылыой ауданы әкімі Мақсым ІЗБАСОВ мектеп құрылысының тапсыру мерзімінен кешіктіріліп жатқан себебін былай деп түсіндірді:
- Білім ордасына қажетті жабдықтар сатып алынбаған, себебі қаржысы жобада қаралмаған болып шықты. Оны сатып алу үшін кемінде 44 млн теңге қаражат қажет.
Бұл мектептің тапсыру мерзімінен кешігуінің тағы бір себебі - ол атышулы «Бергей ісіне» қатысты. Кезінде жымқырылған қаржы нәтижесінде көп нысанның құрылысы бітпей қалды. Бұл тізімде Құлсары қаласының мектебі де бар.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА