Атырау, 6 желтоқсан 07:41
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау облысының білім басқармасы 49 млн теңгеге неліктен пәтер сатып алды — әкімдік жауабы

343 рет қаралды
Атырау, Байтұрсынов көшесі, 39 үй, сурет: 2ГИС 

2025 жылғы 11 маусымда ведомство жалпы ауданы 135,9 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтерді сатып алды.

Пәтер Байтұрсынов көшесі, 39 мекенжайындағы көпқабатты үйдің екінші қабатында орналасқан. Пәтер құны - 48 миллион 924 мың теңге.

Бұл сатып алу бірқатар сұрақтар туындатып, облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевқа жүгіндік. Мұндай үлкен пәтерді сатып алудың мақсаты туралы сауалымызды ол былай деп түсіндірді:

«Атырау облысына білікті педагог және басқарушы кадрларды тарту жұмысы аясында мұндай мамандарды қызметтік баспанамен қамтамасыз ету – басым бағыттардың бірі. Өңірдің білім басқармасы баспанаға мұқтаж мұғалімдерге беру үшін пәтерлер сатып алады. Пәтер басқарманың балансына өткеннен кейін оны беру туралы шешімді комиссия – мұғалімнің отбасылық жағдайы мен балаларының санын ескере отырып – қабылдайды».

Сатып алынатын пәтерге қойылатын талаптар техникалық сипаттізімінде нақты көрсетілген: ауданы 100 шаршы метрден кем болмауы, төбе биіктігі кемінде 2,7 метр, құрылыс жылы – 2007 жылдан кейінгі, қабаты – төртінші қабаттан жоғары болмауы керек. Шаршы метрінің құны 450 мың теңгеден аспауы тиіс. Құжатта сондай-ақ пәтерді жөндеу шарттары, сантехника мен тұрмыстық құрал-жабдықтармен жабдықтау талаптары егжей-тегжейлі көрсетілген және тұрғын үйге 12 айлық кепілдік қарастырылған.

Біз облыстық білім басқармасына да: «Қызметтік баспананы сатып алу жоспарланған ба? Қанша пәтер сатып алу көзделген? Олар қандай санаттағы ұстаздарға арналған? Өңірге қанша мұғалім шақырылды және олар қай пәндерді оқытады?» деген сауалдарды жолдадық.

Ведомство басшысы Марат Әбуовтің қолы қойылған мынадай жауап алдық:

«Пәтерлер техникалық сипаттізіміге сәйкес мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы алынады. Байтұрсынов көшесі, 39 мекенжайындағы пәтер техникалық сипаттізімі талаптарына сай келеді.

2025 жылы Атырау облысының білім басқармасы 69 пәтер сатып алды. Қазіргі уақытта жылжымайтын мүлікті қабылдау-беру рәсімдері жүргізілуде.

Пәтерлер мұғалім тапшылығы бар өңірлерге арналған қолдау пакеті аясындағы арнайы бағдарлама бойынша тартылған педагогтарға, «Білім берудегі өзгерістің 1 000 көшбасшысы» жобасы аясында және әкім гранты бойынша жоғары білім алған мұғалімдерге беріледі. Пәтерлер мұғалімнің отбасы құрамын ескере отырып беріледі.

Бағдарлама бойынша қазірге дейін 10 педагог тартылды: математика, тарих, физика және бастауыш сынып мұғалімдері».

Айнұр САПАРОВА

13 тамыз, 11:22

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.