Атырау, 6 желтоқсан 12:10
 ашықВ Атырау +3
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

​Атыраудағы Ломоносов атындағы жаңа мектеп жобасы ілгеріледі

310 рет қаралды

Ескі ғимаратты сүріп тастап, орнына 900 орынға есептелген жаңа ғимарат салу жоспарланып отыр. 

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Балықшы ықшамауданы, Т. Қалмұханов көшесі, 1 мекенжайында орналасқан Ломоносов атындағы мектептің ескі ғимараты бұрыннан апатты деп танылған. "Expert Structure" ЖШС өткен жылы берген техникалық қорытындыдан кейін жаңа мектеп салу мәселесі белгісіз күйде қалып келген еді.

Енді ескі ғимаратты сүріп тастап, оның орнына 900 орындық жаңа мектеп салу туралы шешім қабылданды. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенованың айтуынша, бұл жұмыстарға дайындық басталды.

Мектеп жабылғаннан кейін оқушылар уақытша басқа білім беру мекемелеріне бөлінді. Бастауыш сыныптар Жангелдин атындағы мектепте, орта және жоғары сыныптар Мақаш Бекмұхамедов атындағы мектепте оқыды. Кейін, бірінші мектептегі күрделі жөндеуге байланысты, барлығы Бекмұхамедов мектебіне ауыстырылды. Жөндеу аяқталғаннан кейін бастауыш сыныптар кері оралады, ал жоғары сынып оқушылары қазіргі оқу орындарында оқуын жалғастырады.

- 2024 жылдың қаңтарында мектеп ресми түрде апатты деп танылды. Балалардың қауіпсіздігі үшін біз оларды жақын маңдағы мектептерге көшірдік. Жаңа ғимарат салуға арналған салалық қорытынды облыстық білім және құрылыс басқармаларына жіберілді. Қазір бұл мәселе құрылыс басқармасының бақылауында", — деді Айнагүл Дүйсекенова.

Ломоносов атындағы мектепте 1 121 оқушы тіркелген, 45 сынып болды.

Айнұр САПАРОВА

29 шілде, 11:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.