
Атырауда Хиуаз Доспанова атындағы №18 мектептегі оқушы қыздың буллингке ұшырауына байланысты қылмыстық іс қайта қозғалды. Бұған оқушының анасы – Аида Алданазарқызының бірнеше жыл бойы жүргізген табанды шағымдары себеп болды.
Еске салсақ, 2023 жылы 16 ақпанда 6-сынып оқушысы сабақтан соң үйге келіп, 26 дана «Д-3» дәруменін ішіп, уланған. Анасының айтуынша, қызы сыныптастары мен мектеп қызметкерлері тарапынан жүйелі түрде психологиялық қысым мен буллинг көрген.
Бұл дерек 2024 жылғы 4 ақпанда Қылмыстық кодекстің 105-бабы 3-бөлігі (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу әрекеті) бойынша тіркеліп, кейін қылмыс құрамы жоқ деп тоқтатылған. Прокуратураға арызданғаннан кейін іс қайта ашылғанымен, тағы да сол себеппен жабылған.
2025 жылғы 15 шілдеде Атырау қаласының прокуроры Рустам Айтімов істі қайта қарап, бұрынғы қаулының күшін жойды. Тергеу мерзімі 13 тамызға дейін ұзартылып, іс полицияға қайта жолданды.
Бір ғана директор жазаланды
Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мектеп директоры Дулат Далиевке қатысты ӘҚБтК 127-1-бабы бойынша (құқыққа қарсы әрекеттер туралы хабарламау) хаттама толтырып, істі сотқа жіберген. 2025 жылғы 5 наурызда сот оны кінәлі деп танып, 36 920 теңге айыппұл салды.
Алайда ата-ана талап еткен 127-2-бап (буллинг немесе кибербуллинг) бойынша басқа мұғалімдерге қатысты іс қозғалған жоқ. Департаменттің айтуынша, полиция ҚР ӘҚБтК-нің 62-бабы бойынша материал жолдамаған, ал жауапкершілік мерзімі өтіп кеткен.
Департамент басшысы Таишевтің жауабында: “127-2-бап бойынша хаттама толтыру – полиция құзырында. Егер олар уақтылы жолдағанда, біз де қарастырар едік” деп жазылған.
Аида Алданазарқызы бұл іс бойынша бірнеше мәрте прокуратура мен полицияға барып, аталған мұғалімдерге шара қолдануды сұраған. Бірақ нәтижесінде тек бір адам – бұрынғы директор ғана жазаланды.
Полиция: қосымша тергеу амалдары жүріп жатыр
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет: “Қазіргі уақытта қосымша тергеу амалдары жүріп жатыр. Жауапты тұлғаларға тәртіптік шара қолдану туралы ұйғарым жолданды”, – деді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау 0