Атырау қаласының тұрғыны Аида Алданазар қызының құқығын қорғап, шырылдап жүргеніне екінші жылдың жүзі болды. Осыдан екі жыл бұрын қызы 4-сыныпта оқып жүргенде мектепте буллингке ұшырап, өзіне қол салмақ болған. Бұл дерек бойынша «өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен іс қозғалып, кейін «құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ» деп қысқартылған. Анасы прокуратураға шағымданған соң іс қайта ашылады.
«Қызым мектептен жылап келетін»
Аида Алданазардың қызы Атырау қаласындағыХ.Доспанова атындағы №18 орта мектепте оқиды. Биыл 6-сыныпқа көшкен. 12 жаста. Эпилепсиямен ауырады. Оған екінші топ мүгедектігі тағайындалған.
Аида қызы өсе келе арқасы сәл бүкірейіп, бір аяғы екінші аяғынан кішкене ұзарғанын және аздап «Р» әрпіне тілі келмейтінін айтады.
Қызы мектептен көңілі түсіп, жиі жылап қайтатынды шығарған. Кім тиіскенін айтқысы келмей, бүк түсіп жатып алатын. Әлсізденіп, ауырып қалуы да жиілеген. Кейін Аида қызын мектепте кемсітіп жүргенін біледі. Сөзіне күліп, онымен араласқысы келмейтінін айтып, ұялы телефон арқылы тіл тигізіп, шеттеткен, сыныптастарының ортақ чатына мазақ еткен хабарламалар жазған.
Аиданың қызы 4-сыныпта оқу жылының ортасына дейін жақсы оқып келген. Кейін денсаулығына байланысты ем алып жүріп, сабақтан қалуы жиілеген. Аиданың сөзінше, кейбір мектеп мұғалімі «оқи алмайсың, сабақ білмейсің» деген көңіліне тиетін сөздер айтқан.
Екі рет өзіне қол салмақ болды
2023 жылдың 16 ақпанында анасы дүкенге шығып кеткен кезде қызы үйде көп дәрі ішіп қойған. Анасы үйге келсе, қызының талмасы ұстап, аяқ-қолы дірілдеп еденде жатады. Ал жанынан күні кеше сатып алынған D3 дәруменінің бос құтысын көреді. 27 дана дәруминді бір мезетте ішіп қойған екен. Жедел жәрдем фельдшерлері қызды аман алып қалады.
Анасының пікірінше, бұған қызына WhatsApp мессенджерінен сыныптастарынан өзін кемсіткен хабарлама келгені себеп болған. Бір оқушы мессенджерде ашқан топта «у тебя мозг отсталый» деп жазған.
Сол хабарламаның скринін анасы қызын оқушылардың кемсітетінін дәлелдеу үшін мектеп директорына, психолог пен сынып жетекшісіне жолдайды. Өйткені мұны тоқтату туралы өтінішіне қарамастан балалар қызына буллинг жасауды жалғастыра береді.
Аида сынып жетекшісі мен мектеп әкімшілігіне араласуын өтінген соң, сынып жетекшісі, мектеп психологы және мектептің оқу-тәрбие бөлімі меңгерушісінің қатысуымен ата-аналар жиналысы өтеді. Онда ата-аналар өзара келісімге келіп, балалары үшін кешірім сұрап, олармен сөйлесуге уәде етеді.
Алайда келесі күні Аиданың қызы қайтадан өзіне қол салмақ болады. Бірақ қайтадан дәрі ішіп улану дерегін шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкерлері де, мектеп әкімшілігі де полицияға хабарламаған. Бұған кінәлілерді полиция Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-1 бабы бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы хабарламағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін іс материалдарын жинақтап, құзырлы орындарға жолдайды.
Полиция сонымен қатар «өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғап, тергеуді бастайды. Тергеу барысында мұғалімдер мен оқушылардан жауап алынады. Бірақ, қызға мектепте буллинг жасағанын ешкім мойындамайды. Кейін іс «құқықбұзушылық белгілері анықталған жоқ» деп қысқартылады.
Қыздың анасы мұнымен келіспей, прокуратураға шағымданған соң іс қайта ашылды: қызға мектептегі буллинг психикалық зақым келтірді ме, жоқ па, анықтау үшін сот-психологиялық сараптама тағайындалған.
Аида кейінгі жылы қызының мінезі тұйықталып, жиі ауыратыны мектептегі буллингтің тікелей әсері деп есептейді.
Бұған дейін мектеп директоры міндетін уақытша атқарушы Р.Қыстаубаеваның Аиданың қызына 5-сыныпта оқып жүргенде жазған мінездемесінде де «мейірімді, елгезек, біреуге көмектескісі келіп тұратын, аяушылық сезімі бар екенін және мектепте жақсы оқығанын, мектептегі шараларға белсенді қатысып жүргенін» айтады.
Мектептегі дүрлігіс
Қыстаубаеваның сөзінше, осы оқиғадан соң екі оқушы қызды басқа сыныпқа ауыстырған. Дегенмен, бұл сыныптағы климатты жақсарта алмаған. Жаңа мінездемеде директор қыз туралы былай деп жазады:
«Оның көңілі бұзылып, жиі жылайтын болған. Бойында агрессия мен апатия пайда болған. Сыныптастарын басқа сыныпқа ауыстырғаны үшін ол өзін кінәлайды. Соны уайымдай бастады. Ол бірнеше рет маған кабинетке келіп, өз уайымын жылап отырып жеткізді.
Ол мүлде кінәлі болмаса да өзін үнемі болған жайтқа кінәлайды. Ол маған сыныпта өзімен ешкім сөйлеспейтінін, сол үшін қатты уайымдайтынын айтты. Осыдан кейін оның мектепке келуге ешқандай құлқы жоқ».
Мектептегі кадрлар және наразылық белгісі
Аида болған оқиға жөнінде қалалық білім бөлімі мен облыстық білім беру басқармасына шағым түсіруге мәжбүр болады.
Ол кезде қызының сынып жетекшісі мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісінің қызы болған. Аида шағымында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Э.Шалқарова мен сынып жетекшісі А.Саламатованың қызына ауыр сөздер айтқанын жазады. Аиданың шағымы бойынша, былтыр қараша айында мектеп әкімшілігі сынып жетекшісін алмастырған. Осыдан соң оқушылардың басым бөлігі – 12 оқушы қарсы болып, сабаққа келмей қалады.
«Бес ата-ана сынып жетекшісін ауыстырмау туралы өтініш білдіріп, оның орнына қызды басқа мектепке ауыстыру туралы мәселе көтеген». Аида мектеп директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі бұл бес ата-ананы өзі шақырып, сынып жетекшісіне қолдау көрсету үшін жиналыс жасаған» деп есептейді.
Оқу ісі жөніндегі орынбасары Э.Шалқарова жоспардан тыс өткен жиында ата-аналар оқушыға қатысты сөз қозғамағанын, тек сынып жетекшісінің кетпеуі туралы өтініш білдіруге келгендерін түсіндірді. Тергеуде жауап берген сынып жетекшісі мен психолог-педагог та мазақ ету, кемсіту туралы тек естігенін, ал көзімен көрмегенін алға тартқан.
Әдепке сай емес
Аиданың шағымына қатысты облыстық білім беру басқармасының сол кездегі басшысы Ерлан Сламбеков ата-ананың арызы бойынша құрылған комиссия қорытындысын зерделеп, сынып жетекшісінің этикаға жат қылық көрсеткенін растайды. Сламбековтың сөзінше, комиссия «екі оқушыны басқа сыныпқа ауыстыру, сынып жетекшілерін алмастыру және бір күнде оқушылардың жаппай сабаққа қатыспауы сынып ішінде, оқушылар арасында жағымсыз ахуал қалыптастырғандығын және оқушылардың бір-бірімен ара қатынасына, достық сезімдеріне кері әсерін тигізеді» деген тұжырым жасаған. Сондай-ақ, Сламбеков «бұл жағдайлардың барлығы мектеп басшысының, оқу ісі жөніндегі орынбасарының, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарының бақылауға алмағандығының және мектептің оқушыға жауапты психологы мен сынып жетекшісінің сыныптағы оқушылардың ара қатынасын уақытында зерделемегендігінің, алдын алу жұмыстарын ұйымдастырмағандығының салдарынан орын алған деп санаймыз. Бұдан бөлек, зерделеу барысында Э.Шалқарова мен А.Саламатова сіздің айтқан шағымдарыңыз бойынша қарсы пікір айта алмағандарын және кешірім сұрап мәмілеге келмегендігін, зерделеу барысында комиссия құрамының, ата-ананың алдында А.Саламатованың мазақтап күлуі мұғалімнің әдебіне қайшы әрекет», - деп жазады Сламбеков.
Бүгінде Шалқарова да, Саламатова да Аиданың қызы оқитын мектепте жұмыс істемейді. Олармен еңбек шарты былтыр ақпанның 8-де бұзылған.
Буллинг болған
Ал қалалық білім бөлімі басшысы Айнагүл Дүйсекенова ресми сауалға берген жауабында Аида Алданазардан былтыр 21 қарашада арыз түскенін айтып, зерделеу барысында сыныптастары тарапынан буллинг жасалғанын растады.
- Мұғалімдер және педагог-психолог балалардың ата-анасымен тығыз байланыста болып әңгімелер өткізді. Өйткені көбінесе ата-анасы баласының сыртқа шыққандағы мінез-құлқынан хабары болмайды және байқамайды. Содан соң сыныпта ортақ жағымды атмосфера қалыптастыру мақсатында тәрбие сағаттар мен түсіндірме жұмыстар жасалды. Сынып жетекшісі А.Саламатова жас әрі тәжірибе жинақтамаған маман. Сынып жетекшісі А.Саламатова мен педагог-психолог М.Гайсинаға өз қызметтеріне бей-жәй қарағандары үшін тәртіптік жаза қолданды. Нәтижесінде ата-ана Аида Алданазар мектеп әкімшілігімен келісімге келді, - дейді Дүйсекенова.
Аида Алданазар мектептегі оқушылар арасындағы буллингтің тоқтамауын және тәртіптің орнамауын мектеп директоры Д.Далиевті жұмысынан кетіру үшін жасалған бір адамның қарсы әрекеттері деп топшылайды. Аиданың сөзінше, директор да осы ойды жеткізген.
Енді А.Алданазар мектептегі буллингті заң жолымен тоқтатуға бекінді. Ол істі сотқа дейін жеткізуге күш салып келеді.
Қазір қызының денсаулығын күтіп, емдетіп жүр. Аида мектептегі буллинг білім саласындағы сыбайластыққа нүкте қойылмайынша жалғаса береді деген пікірде.
«Әр сынып жетекшісі мектепте директордың оқу ісі жөніндегі меңгеруші болып істеген анасына сеніп, бізді мазақ етпес еді және педагог ретінде оқушыларға бірін-бірі кемсітуге жол бермес еді» дейді.
Х.Доспанова атындағы орта мектеп директоры Д.Далиев өз еркімен денсаулығына байланысты бірнеше рет жұмыстан босату туралы өтініш түсіріп, биыл 11 қаңтарда жұмыстан өз еркімен босады. Қазіргі кезде білім беру басқармасының «Балаларға қосымша білім беру, оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығы» КММ-нің қызметкері болып жұмысқа орналасқан. Ал мектептегі директордың орны сегіз айдан бері бос тұр.
Шағым бойынша тексеру
Биыл 3 маусымда Аида Атырау облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне қалалық білім бөлімі қызметкерлері осы мектепке қосымша жұмысқа орналасып, сабақ өткізбесе де еңбекақы алып отырғанын көрсетіп, арыз түсірген. Департамент басшысы Бердібек Таишев біздің ресми сауалымызға осы арыз бойынша Х.Доспанова атындағы орта мектепте жоспардан тыс тексеру ашылғанын растады.
Арызда көрсеткен деректер бір педагогқа – М. Сейткалиеваға қатысты расталады.
Ал тексеру барысында педагогтың қосымша сағат алып, жұмысқа дәлелсіз себептермен келмеген күндері мен сабақ өткізбесе де, еңбекақы алып отырғаны анықталған.
- Kundelik.kz электрондық журналында «Қызықты математика» үйірмесінен биыл ақпан айында 12 күн, «Математика әлемі» таңдау пәнінен 13 күн сабақ өткізгендігі туралы белгі қойылмаған.
Kundelik.kz электрондық журналының 2024 жылғы 5 маусымда алынған мәлімет бойынша есептер бөлімінде М.Сейткалиеваның 2А, 2Б, 2В, 3А, 3Б сыныптарында тақырыптың және журналдың толтырылуы толық жүргізілмеген.
Осыған орай, анықталған бұзушылықтар бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 409-бабының 4-тармағы, 1) тармақшасына (білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын сақтамау) сәйкес лауазымды тұлға мектеп директоры міндетін уақытша атқарушы Р.Қыстаубаеваға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде 36 920 теңге айыппұл салынды, - дейді Б.Таишев.
Оның сөзінше, М.Сейткалиева жұмысқа дәлелсіз себептермен төрт күн келмеген. Ал дәлелсіз себептермен сабақ бермеген күндеріне төленген қаражатты анықтау мақсатында Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне хат жолданған.
2023 жылдың 14 тамызында М.Сейткалиева өз еркімен Х.Доспанова атындағы орта мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінен босатылып, сол жылдың 1 қыркүйегінде конкурстық негізде бастауыш сынып мұғалімі боп жұмысқа қабылданған.
Қалалық білім бөлімінің басшысы А.Дүйсекенованың 2023 жылғы 15 тамыздағы бұйрығымен ол бастауыш және инклюзивті сыныптар бойынша әдіскер лауазымына, 2023 жылғы 2 қарашадағы бұйрығымен жалпы білім беру секторының меңгерушісі қызметіне тағайындалады.
Б.Таишев «АЖ» сауалына жауап бере отырып, оның заң бойынша мемлекеттік қызметте жүргенде оқытушылық, ғылыми және басқа да шығармашылық қызметпен айналысуға құқығы бар екенін айтты.
Өз өзіне қол жұмсау жөнінде
Ал Атырау облысының полиция департаментінің тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы А.Иманалиев ресми сауалымызға берген жауабында «өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» дерегі бойынша ҚР қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүріп жатқанын растады.
- Қылмыстық істің жан-жақты, толық және обьективті тергелуін қамтамасыз ету бойынша барлық шаралар алынып, іс бойынша тиісті сот сараптамалары жүргізіліп жатыр, - деді А.Иманғалиев.
Одан бөлек жауапта ресми сауал бойынша сұралған ақпараттың «шектелген ақпаратқа жататындығын және қылмыстық процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-текеру деректері жария етілмейтіндігін ескеріп, басқа ақпарат беруден бас тартылады» делінген.
Айнұр САПАРОВА