Атырау, 6 желтоқсан 16:49
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атырау аквапаркіндегі сұмдық: балаларды көтеріп алып шыққан

757 рет қаралды

Еске салсақ, Palma аквапаркінде 15 адам, оның ішінде 13 бала хлор буымен уланған еді.

Үш кішкентай бала ауыр хәлде жансақтау бөліміне түсті.

Оқиға 13 шілде күні сағат бірлер шамасында жабық бассейнде болған. Куәгерлердің айтуынша, бәрі аяқасты болған: балалар жайбарақат жүзіп жүрген, бір кезде бірнешеуі өздерін жайсыз сезіне бастаған. Құсып, тұншығып, кейбірі тіпті есінен танып қалған.

— Ғимараттың ішінде сол сәт хлордың өткір иісі шықты, бассейндегі су сарғыш түске боялып, лайланып кетті, — деп еске алады куәгерлер.

Қала тұрғыны Ақбаян Бисенғалиева былай дейді:

— Ұлым тұншығып, еденге отырып қалды. Күйеуім оның арқасынан қағып, көмектесуге тырысты. Адамдар айқайлап, шулап кетті.

Алтынгүл Наушабаева баласының жағдайын былай сипаттады:

— Беті бозарып, аяқтары мұздап кетті. Қатты жөтеліп, су сұрады. Жанымызда бірде-бір қызметкер болған жоқ — тек жүгіріп жүрген ата-аналар мен айқай-шу. Ол бұл суды көп жұтып қойды ма деп қорқып кеттік. Өкпесіне тым көп су кеткен сияқты.

Ресми деректер бойынша, 15 адам зардап шеккен — олардың 13-і бала, 2-еуі ересек. Хлор буына қатты реакция берген үш бала жансақтау бөліміне жеткізілген.

— Қазір олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, жағдайлары тұрақты. Диагноз — хлор буына улану, тыныс жолдары арқылы уланған. Үшеуі де ем қабылдап, үйлеріне шығарылды, — деп хабарлады облыстық балалар ауруханасының дәрігері Бауыржан Қадырәлі.

Аквапарк әкімшілігі өз кінәсін мойындады. Мекеме өкілі Ерік Ботақановтың айтуынша, оқиға кезінде жарық қайта-қайта сөніп, қосылып тұрған:

— Ғимаратта бірнеше рет жарық сөнді де, қайта қосылды. Біз қосалқы генераторларға көштік. Дәл сол сәтте жүйеде ақау болған деп болжап отырмыз. Қазір тергеу жүріп жатыр, бассейн уақытша жабылды. Біз ішкі тексеру жүргізіп жатырмыз, барлық қателіктерімізді мойындаймыз, — деді мекеме өкілі.

Нысанның қашан қайта ашылатыны белгісіз. Бұл мәселе қадағалаушы органдардың бақылауында. Полиция тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Айгүл МАНСУРОВА

15 шілде, 12:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.