Атырау, 7 желтоқсан 08:51
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Қытай қызыққан қамыс — Атыраудың бағаланбаған байлығы

816 рет қаралды

Ашық дереккөзден алынған сурет

Атырау облысында көп жылдан бері қытайлық бір компания қамысқа қызығып жүр екен деген әңгіме айтылып келеді. Экологтар, кәсіпкерлер мен жергілікті тұрғындардың арасында шетелдіктер Жайық өзенінің бойындағы қамысты сатып алып, оны құрылыс материалдарына немесе экологиялық отынға айналдырмақшы деген сөз болған.

Бұл әңгімелер талай жыл айтылғанымен, нақты дәлел болмаған. Алайда бір күні шынымен де облыс әкімдігіне Қытайдан делегация келген. Кәсіпкерлер жергілікті билікпен кездесіп, нақты сұрақтар қойып, жобаның ауқымын талқылаған. Бірақ содан кейін ғайып болған.

- Иә, ондай кездесу болды. Олар жобаның құнын есептеп, кейін хабарласамыз деп кеткен. Әзірге ешқандай жаңалық жоқ, — деді Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов «Ақ Жайық» сауалына жауап беріп.

Қамыс — қауіпке айналған өсімдік

Қамыс — аймақтың бағаланбай жүрген байлығының бірі. Атырау облысында ол өте көп өседі: каналдардың жағасында, Жайықтың сағасында, батпақты жерлерде, тіпті қаланың ішінде де кездеседі. Жергілікті жұрт оны арамшөп деп қабылдайды — өздігінен өсетін, бақылаусыз, жабайы өсімдік ретінде көреді.

Алайда соңғы жылдары қамыс қауіпке айналды. Көктем мен күзде Атырау түтінге тұншығып жатады: бұл — қамыс алқаптарының өртенуінен. Мыңдаған гектар қамыс отқа оранады, көбіне адамның әрекетінен: әдейі өрт қою, немқұрайлық немесе шөпті өртеп тазалау себеп болады.

Күл балкондарға, көліктерге қонады, түтін пәтерлерге дейін кіреді. Дәрігерлер астма, аллергия және қарт адамдар арасында аурудың асқынуы жиілегенін айтады. Әлеуметтік желілерде қара түтін басқан аспан мен «тағы да өртеніп жатыр» деген жазбалар мен суреттер жиіледі.

Биыл ғана қамысты қасақана өртегендерге қатысты алғашқы тергеу басталды. Бірақ ол әлі аяқталған жоқ. Өрт сөндірушілер қамысты сөндіру өте қиын екенін мойындайды: техника батпаққа батып қалады, жол жоқ, ал екі метрлік құрғақ қамыс оқ-дәрідей лап етеді. От әп-сәтте жайылып кетеді. Бәрі жанып біткенше тоқтамайды.

Қамыс — мүмкіндік көзі

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, Қытайдан келгендер бұл сапарға нақты мақсатпен келген. Қытайда қамысты бұрыннан бері нығыздалған панель, биооқшаулағыш, отын және қағаз өндірісінде пайдаланып келеді. Бұл — арзан, экологиялық таза әрі тез өсетін шикізат, экспорттық әлеуеті де жоғары.

Атыраудың қамысы да кем түспейді. Ол күтімсіз-ақ өседі, бірақ әлі күнге дейін қолданылмай отыр. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, қытайлық тарап кейбір жерлерді жалға алуды немесе сатып алуды көздеген, қамыс жинауды ұйымдастырып, жұмыс орындарын ашып, өрт мәселесін ішінара шешуді жоспарлаған.

Алайда кездесуден кейін делегация қайта оралмады. Шарттар ұнамады ма, әлде  қағазбастылықтан шошыды ма — белгісіз.

Неге бізде бұл іске аспайды?

Қазақстанда қамысты жинап, өңдейтін инфрақұрылым жоқ. Сұраныс та, стандарттар да, мемлекеттік қолдау да қарастырылмаған. Бизнес үшін бұл — тәуекел, ал мемлекет үшін — басымдық емес.

Ал қамыс жаңа аумақтарды басып жатыр: егістік жерлерге таралып, каналдарды бітеп, басқа өсімдіктерді ығыстырып, мелиорацияға кедергі келтіруде. Ол бір жағынан жабайы жануарларға пана болса, екінші жағынан — өрт ошағына айналуда.

Экологтар бұл мәселені бақылауға алу қажет екенін жылдар бойы айтып келеді, бірақ жергілікті биліктің жүйелі тазалық жүргізуге ресурсы жетпейді. Қамыс өсіп жатыр, егер әрекет жасалмаса, ол әрі қарай да жайылып, өртке орануды жалғастыра береді.

Не істеуге болады?

Шешімдер жетерлік. Шығыс Еуропада қамыстан экологиялық шатырлар, панельдер мен жылу оқшаулағыштар жасайды. Канада мен Нидерландыда — биоотын өндіреді. Ресейде тіпті кәдесый өнімдеріне дейін шығарады.

Қамысты жергілікті деңгейде паллет, оқшаулағыш және мал азығы ретінде пайдалануға болады. Немесе экспорттауға болады. Бірақ бұл үшін инвесторлардың қызығушылығы мен мемлекеттің қолдауы қажет.

Бәлкім, қытайлықтар қайта оралар. Немесе жергілікті кәсіпкерлердің бірі қамыстан проблема емес, мүмкіндік көретін шығар.

Ал әзірге — қамыс өсіп жатыр.

Айгүл МАНСУРОВА

2 шілде, 12:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.