7 маусымда «Ақ Жайық» сайтында Атырауда блогер Құндыз Идрисова мен оның сыбайласының ұсталғаны туралы мақала жарияланды. Олар жергілікті кәсіпкерден екі миллион теңге бопсалады деген күдікке ілінді.
Өкінішке қарай, бұл жаңалық — үйреншікті жағдай: соңғы уақытта жиілеген «рейдер-блогерлер» туралы оқиғалардың аясында материал басқа басылымдарға тез тарады. Біз артық боямасыз, фактілерді ғана ұсындық. Алайда мақаладағы бір сөйлем күтпеген жерден редакцияға қысым көрсетуге түрткі болды. Онда күдіктінің «Дорожный контроль» қоғамдық бірлестігімен ықтимал байланысы туралы сөз қозғалған болатын.
Неге біз бұл туралы айттық? Себебі Құндыз Идрисова өзі осы ұйымның өкілі екенін жылдар бойы айтумен келді. Мұны оның көптеген видеоларынан көруге болады: ол «тексерулер» жасап, полиция қызметкерлерін әдейі әуре-сарсаңға салып, «ДК»-ның әдеттегі стилімен әрекет етеді және өзінің осы бірлестікке тиесілі екенін ашық мәлімдейді. Бұл жағдайды осында да, мына жерде де, тағы да басқа жерлерде көруге болады, өйткені ол бұл туралы үнемі және ашық айтатын еді.
Полиция қызметкерлері осы видеоларда оны шындап қабылдаған. Ал бопсалау оқиғасы кезінде ол кәсіпкерге өзін таныстыра ма, жоқ па — бізге белгісіз.
Редакция ұстанымы
Редакция Құндыз Идрисованың қоғамдық бірлестікке ресми түрде мүше болғанын еш жерде мәлімдеген жоқ. Біз тек оның өзі айтқан фактіні тіркедік, оны бұған дейін ешкім теріске шығарған емес. Алайда, лайктар мен қаралымдардың орнына нақты қылмыстық шаралар алынғаннан кейін «Дорожный контроль» ұйымы аяқасты белсендіден бас тартты. Ал редакцияға қысым жасала бастады.
Мақала жарияланған ертесіне-ақ «Ақ Жайық» бас редакторының жеке нөміріне бірлестіктің заңгер-кеңесшісі Денис Шевченко қоңырау шалып, мақаладағы «Дорожный контроль» туралы барлық сілтемелерді өшіруді талап етті. Оған жауап ретінде Идрисованың өзін-өзі ҚБ журналисі деп атаған видеолары ұсынылды.
Біз кері дәлелдері ұсынылмайынша ештеңе өзгертпейтінімізді хабарладық. Кейін дәлелдемелер көрсетілген соң, «Дорожный контроль» туралы ақпаратты алып тастадық. Бұл ресми құжат болғандықтан, Идрисова қылмыстық іс басталғанға дейін ұйымның журналисі болды ма, әлде жақында ғана ол ұйымнан шығарылды ма, маңызды емес. Сонымен қатар:
– барлық ақпарат ашық дереккөздерден алынғанын;
– сотқа дейінгі тергеу материалдары пайдаланылмағанын;
– журналистер «Масс-медиа туралы» Заң аясында әрекет еткенін еске салдық.
Кейін редакцияға ресми сұраным келді. Иә, біздің дерек бойынша, іс материалдарында расында да Идрисованың куәлігі бар. Бұл ақпаратты қалай анықтағанымызды айтпаймыз. Заңға сәйкес, егер бұл басқа құқықтық нормаларда қарастырылмаған болса, журналист ақпарат көздерін жариялауға міндетті емес.
Осыған жауап ретінде басылымның бас редакторы полицияның тірек пунктіне түсініктеме жазуға шақырылып, прокуратураға ҚР ӘҚБтК 456-бабы 2-бөлігі («Жалған ақпарат тарату») бойынша іс материалдарымен танысуға жіберілді.
«Дорожный контроль» ҚБ құрылымы туралы азғана мәлімет
Бұл ұйым қатал іріктеу жүргізетін жабық құрылым емес. Ресми сайтында жол полициясы туралы жаңалықтар мен олардың журналистеріне үнемі шабуылдар жасалатыны туралы ақпараттар жарияланады. Ал аталмыш ұйымның журналистері кімдер: сайттағы қосымша бөлікте жоғары оқу орнының дипломы болмаса да, кез келген адам онлайн-форма толтырып, жеке куәлік көшірмесі мен фотосуретін жіберіп, мүшелік жарна төлесе, олардың журналисі атана алатыны жазылған. Сонымен қатар, сайттың «Біздің ұжым» бөлігі мүлде жұмыс істемейді, сілтеме негізгі бетке шығарады.
Шындығында, ұйым өз атынан кімнің әрекет етіп жатқанын еш бақыламайды. Демек, мұндай жағдайлар — жай кездейсоқтық емес, жүйелі проблеманы білдіреді.
Алайда қызығы мынада: Құндыз Идрисова «Дорожный контроль» стилінде видео түсіріп, жасырын түрде ақша бопсалап, өзін ұйымның журналисімін деп жариялаған кезде ешкім қарсылық білдірмеді. Ал іс қылмыстық сипат алған соң, бірлестік оның аты-жөнін алғаш естіп отырғандай кейіп танытты.
Енді басты назар жалған журналистерге емес, шын мәніндегі журналистерге ауысып отыр.
Бүгін редакцияның бас редакторы полицияның тірек пунктіне және прокуратураға шақырылды. Себеп — дәл сол бап бойынша және заңгердің арызы арқылы көрсетілген қысым.
Осыған байланысты біз редакцияның кәсіби қызметіне қысым көрсету әрекетін айыптаймыз. «Ақ Жайық» басылымы заң аясында жұмыс істеп, заң бұзушылыққа жол бермейтінін қоғамдық бірлестіктің есіне салғымыз келеді.
Редакция әрі қарай да жағдайды ашық айтып, жұмысын жалғастыра береді.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
«Ақ Жайық» ақпарат порталының бас редакторы
В Атырау +1