Атырау, 7 желтоқсан 12:01
 бұлттыВ Атырау +1
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Атыраудың экологиялық апат аймағына айналуы мүмкін бе?

754 рет қаралды

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов журналистермен кездесуде «Ақ Жайық» тілшісінің сұрағына жауап берді. Сұрақ 2024 жылы Экология министрлігінің облыс аумағын төтенше экологиялық жағдай аймағы немесе тіпті экологиялық апат аймағы деп тану мүмкіндігін қарастыру туралы ұсынысынан кейін қандай шаралар қолға алынғанына қатысты болды.

Еске сала кетейік, өткен жылы министрлік өңірдегі экологиялық ахуалды бағалау үшін әкімдік жанынан арнайы комиссия құруды ұсынған болатын. Осындай ұсыныс тұрғындардың көп шағымына байланысты Ақмола облысына да берілген.

– Комиссия құрылды, – деп растады Шәпкенов. Оның айтуынша, бұл мәселе 2023 жылы-ақ қоғам белсенділерімен бірге көтерілген. – Тіпті митинг те өтті, – деді ол, Атырауды экологиялық апат аймағы деп тану мүмкіндігі бұған дейін де жұртшылықпен талқыланғанын еске сала отырып.

Қазір, әкімнің мәлімдеуінше, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Онда қоршаған ортадағы нақты қандай зиянды заттардың адам денсаулығына әсер ететіні анықталуда. Мұндай нақты ғылыми деректер алынған соң ғана «бұрын Семей мен Аралда жасалғандай», өңірді экологиялық апат аймағы деп ресми түрде тану мүмкін болады.

– Бізге ғылыми негіз керек. Осы тақырыпта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен екі рет кездесу өткіздік. Қорытындыны күтіп отырмыз. Осыдан кейін әрі қарай жұмыс жасаймыз, – деді әкім.

2024 жылы жазда азаматтық белсенді Макс Боқай Атырау мен оған қарасты ауыл округтерін төтенше экологиялық жағдай аймағы деп тануды талап еткен петиция бастады. Онда он жылдан астам уақыт бойы өңір тұрғындары өнеркәсіптік ластанудың зардаптарын көріп жатқандығы айтылған. Бірақ петиция модерациядан өтпеді.

Сонымен қатар, 2024 жылдың сәуір айынан бастап Экология министрлігі Ұлытау өңірінде (Жезқазған, Сәтпаев қалалары мен Ұлытау ауданы) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Алдын ала нәтижелер ауа құрамының қатты ластанғанын және судағы темір мен хлорид мөлшерінің рұқсат етілген шектен айтарлықтай асқанын көрсетті. Зерттеудің қорытынды материалдарын Денсаулық сақтау және Білім министрліктерінің қатысуымен Экология министрлігіне мемлекеттік экологиялық сараптамаға ұсыну жоспарланып отыр.

Ал Атырауға келсек — түрлі комиссиялар, кездесулер, уәделер мен халықаралық сарапшылардың қатысуына қарамастан, өңір тұрғындары әлі күнге дейін көптен бері «экологиялық апат» деп сипатталып жүрген жағдайда өмір сүріп жатыр. Тек бұл жағдай әлі ресми түрде мойындалмаған.

Мәлімет жоқ, жауапты тұлға жоқ

Бұған дейін «Ақ Жайық» редакциясы Атырау облысындағы экологиялық жағдайдың тұрғындар денсаулығына қалай әсер етіп жатқанын анықтау мақсатында сауал жолдаған еді. Алайда облыстық денсаулық сақтау басқармасы мұндай мәлімет жоқ екенін хабарлады.

Ресми жауапта қоршаған ортаның халық денсаулығына әсерін ғылыми тұрғыда бағалау басқарманың құзыретіне кірмейтіні көрсетілген. Осыған байланысты ведомство экология министрлігіне немесе санитариялық-эпидемиологиялық қызметке жүгінуге кеңес берген.

Сондай-ақ жауапта Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту ғылыми орталығының Атырау филиалының сайтында кейбір материалдар бар екені айтылған. Алайда, материал дайындалу барысында бұл сайт жұмыс істемей тұрды. Скриншот беріліп отыр.

Басқарма "экологиялық жүктемесі жоғары аудандарда тұрғындардың денсаулығына зерттеу жүргізілді ме, созылмалы немесе онкологиялық аурулардың өскені тіркелді ме және экологияның халық денсаулығына әсері туралы ресми қорытындылар бар ма?" деген сұрақтарға жауап бермеді.

Осылайша, өңірде өнеркәсіптік ластану жағдайында халық денсаулығы жайлы нақты ақпарат алу әзірге мүмкін болмай отыр.

Айнұр САПАРОВА

28 маусым, 17:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.