
Кеше Құлсарыда қоғамдық көлік жүргізушісі көлікті игере алмай, автобус жолдан шығып, жылдамдықты бақылау камерасы орнатылған жарық бағанына соғылды. Оқиға салдарынан алты адам, оның ішінде кәмелетке толмаған екі бала ауруханаға жеткізілді.
Жылыой аудандық ауруханасының мәліметінше, зардап шеккендердің арасында 11 және 13 жастағы қыз балалар бар. Олар және өзге жолаушылар дене жарақаттарын алған.
- Бізге 12 маусым күні алты адам түрлі дене жарақатымен жүгінген болатын. Ауруханаға ешкім жатқан жоқ, амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне жіберілді, жағдайлары жаман емес, қауіптілік жоқ, - дейді аурухананың бас дәрігері Асулан АБДРАХМАНОВ.
12 маусым күні түс мезгілінде қоғамдық көлік жүргізушісі басқару жүйесін игере алмай, көше жарығы мен жылдамдықты өлшейтін "Аркан" камерасы орнатылған бағанаға соғылған болатын. Биресми дерек бойынша ауа райының ыссылығынан жүргізуші "басы айналып" кеткен деген болжам бар.
Жол апаты түскі уақытта болды. Бейресми мәліметтерге сәйкес, ыстықтан өзін жайсыз сезінсе керек, жүргізушінің басы айналған.
Жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 610-бабы бойынша — мүлікке зиян келтірген жол қозғалысы ережесін бұзу дерегімен әкімшілік хаттама толтырылды.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА