
Еске сала кетсек, бұл 2023 жылдың қараша айында Жылыой ауданында орын алған мұнай төгіндісіне қатысты болып отыр. Жер бүлініп, құбырдың бір бөлігі зақымдалғанымен, Теңізшевройлдың әрекеттерінен қылмыстық құқық бұзушылық анықталмады. Дегенмен, компания әкімшілік іс бойынша айыппұл төледі.
Мұнай «Тенгизшевройл» ЖШС-не тиесілі резервуарлық парк пен КТЛ газ өңдеу зауыты арасындағы жер асты құбырынан төгілген. Төгілген мұнай көлемі шамамен 50 текше метр, яғни бір теміржол вагонына тең.
Жердің ластану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 332-бабының 1-бөлігі («Жерді бүлдіру») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеуді Жылыой аудандық полиция бөлімі жүргізді. Кейінірек құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты (ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы, 2-бөлімінің 1-тармағы) іс тоқтатылды, - деп хабарлады Атырау облысының полиция департаменті.
Облыстық экология департаменті ТШО-ны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 337-бабының 4-бөлігі («Өндірістік объектілерді пайдалану кезінде экологиялық талаптарды бұзу») бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Компания бұзушылықты мойындап, 3 млн 692 мың теңге көлеміндегі айыппұл қысқартылған тәртіппен төленді.
Тексеру нәтижелері
10×7 метр ластанған аумақ Сарықамыс тас жолынан 22 метр қашықтықта орналасқан. Ластанған топырақ ойығы 400 м³ құрады. Құбырлар өтетін аймақта тереңдігі 2,5 метр болатын шұңқыр анықталды.
Ластанц сынамасын алу үшін геомембраналы уақытша алаңдар орнатылды, ал тазарту жұмыстары 2024 жылғы 29 тамызда аяқталды.
Апат па, жоқ па?
Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті бұл оқиғаны апат деп танып, оның себебі ретінде құбырдың бұзылғанын атады. Алайда ТШО бұл саралаумен келіспей, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне шағымданды. Комитет заң нормаларын түсіндіріп, компанияның шағымын қанағаттандырмады. Сол кезде ТШО әкімшілік талап арызбен Астана сотына жүгінді.
Сот процесіне байланысты "апат" бойынша тергеу қайтадан тоқтатылды.
ТЖД басшысының орынбасары Сырым Жаймағанбетовтің мәліметінше, ТШО-ның бұл оқиғаны апат деп тану туралы әкімшілік талап-арызы медиация арқылы жабылған.
ТШО-ның тағы бір талап арызы бойынша: Жақында ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы 17 сәуірде Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының 2024 жылғы 17 сәуірдегі шешімін, сондай-ақ Астана қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының 2024 жылғы 18 шілдедегі қаулысын күшінде қалдырды. "Теңізшевройл" ЖШС кассациялық шағымы қанағаттандырылған жоқ.
Сот анықтады: Н-0751 жер асты құбырының консервациясы бойынша құжаттама жоқ
Сот пайдаланудан шығарылған Н-0751 жерасты құбырын консервациялау бойынша жобалық құжаттама жоқ екенін анықтады. Компания осы құжаттаманы әзірлеуге міндетті, өйткені бұл қауіпті өндірістік нысанға қатысты болып отыр.
ТШО шағымы құбырды консервациялау қажеттігі жөнінде Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің 2023 жылдың желтоқсанындағы ұйғарымын жоюға қатысты болған еді.
Айнұр САПАРОВА
В Атырау +3