Атырау, 19 қараша 14:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 497.89
€ 525.12
₽ 5.00

Теңіздегі мұнай төгіндісіне қатысты іс тергеліп жатыр

727 просмотра
Көрнекі сурет

Теңіз кен орнында 50 текше метр мұнайдың (бір вагон) төгілуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Атырау облысы бойынша полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 332-бабы 1-бөлігі («Жерді бүлдіру») бойынша қылмыстық іс қозғалып, Жылыой аудандық полиция бөлімінің қарауында жатқанын хабарлады.

Ластану көзі әзірге белгісіз

12 қарашада Сарықамыс тас жолының батыс жағындағы мұнай резервуарлары паркі мен ТШО компаниясына тиесілі кешенді технологиялық желісі газ өңдеу зауыты арасындағы жер асты желісінде мұнай төгілген. «Теңізшевройл» компаниясы мұнайдың төгілу фактісін растап, компанияның апат бригадасы оны оқшаулау үшін шұғыл әрекет еткенін хабарлады.

«АЖ» қазіргі жағдайдың мән-жайын анықтау үшін экология, өнеркәсіптік қауіпсіздік және полиция департаменттеріне сауал жолдаған еді.

Бұл дерекке қатысты Атырау облысы бойынша экология департаменті «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты ҚР экология заңнамасының сақталуына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеруге  Жылыой ауданы әкімінің аппараты басшысының м.а. хаты негіз болған.

Жоспардан тыс тексеру кезінде учаскені қарау және мұнай өнімдерімен ластанған топырақ үлгілері, сондай-ақ зертханалық талдау мақсатында фондық топырақ үлгілері алынды.

Тексеру нәтижесінде «ТШО» ЖШС-не қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 337-бабының 3-бөлігі («Жерді бүлдіру») бойынша әкімшілік іс қозғалды. Қылмыстық заңда көзделген қылмыстық әрекет белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін материалдар Атырау облысының полиция департаментіне берілді.

Одан әрі «АЖ» сауалына экология департаменті басшысының орынбасары, Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экология инспекторы Сырым ТІЛЕГЕНОВ қазіргі уақытта төгілу себептері анықталмағанын айтты. Ол өткен жылдың 8 желтоқсанындағы ластанған жерлер туралы ТШО деректерін ұсынды.

Мұнай өнімдерімен ластанған жер көлемі шамамен 12х18 метр, көлемі 679 тонна. 

«Болған жағдайдың себебін осындай оқиғаларды (аварияларды) тергеу саласындағы уәкілетті орган анықтайтынын атап өткен жөн. Ластанған топырақ биоремедиация үшін арнайы ұйымға тапсырылады, оның жалпы көлемі топырақты экскавациялау жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады», - дейді Тілегенов жауап хатында.

Оның айтуынша, «Теңізшевройл» ЖШС жер бетінен ластануды жою үшін өрт сөндіру-апаттық қызметін шақырған. Сондай-ақ мұнай өнімдері табылған жердегі ластануды жою жоспары әзірленіп, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ішкі комиссия құрылды. Бүгінде «Теңізшевройл» ЖШС мұнайдың төгілу себептерін анықтау және экскавациялау жұмыстары бойынша ішкі тексеруді жалғастыруда.

Не себепті жұртшылыққа тексеру нәтижесі туралы хабарланбайды?

«АЖ» сауалына Тілегенов ТШО-ның ішкі тергеу жұмыстары мен полиция департаментінің сотқа дейінгі тергеуі аяқталғаннан кейін жұртшылыққа хабарланатынын айтты.

Төгінді көзі табылмағанымен, мұнай топырақты ластап жатыр деген ақпарат бар, бұл рас па?

Бұл сұраққа нақты жауап ала алмадық, ал мемлекеттік инспектор Тілегеновтің жауабы: «Айта кететін жайт, мұнай ағындысы кешенді технологиялық желілер зауыты мен Сарықамыс тас жолының батыс жағындағы мұнай резервуар паркі арасында орналасқан құбыр желілерінде болған.

ТШО бұл жағдайды апат деп мойындамайды

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті оқиғаны апатпен байланыстырады, себебі жер асты желісінде (құбырда) бұзылған жер бар. Департамент басшысы Сырым ЖАЙМАҒАМБЕТОВ апаттың мән-жайы мен себептерін анықтау мақсатында комиссия құрылғанын хабарлады. Сондай-ақ комиссия техникалық құрылғылардың, технологиялық процестердің жұмыс жағдайларының бұзылу, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының бұзылу сипатын анықтауға, зардаптарды жоюға, мұндай апатқа жол бермеу шараларын және материалдық залалды анықтауға тиіс болды.

Алайда, «Теңізшевройл» өнеркәсіптік қауіпсіздік бағасымен келіспейтіндіктен және бұл оқиғаны апат деп санамағандықтан, тергеу тоқтатылған.

– «Теңізшевройл» ЖШС бізге белгісіз себептермен мұнай төгіндісіне қатысты жағдайды апат деп танылуымен келіспей, бұл шешімге қатысты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетіне шағым түсірді. Осыған байланысты апатты тергеу туралы бұйрық күші тоқтатылды. Аталған мәселе бойынша «Теңізшевройл» ЖШС-нің 2023 жылғы 21 қарашадағы жолданған шағымы бойынша комитет нормативтік құқықтық актілерге түсініктеме түрінде шешім шығарып, оны қанағаттандырудан бас тартты. 2023 жылдың 15 желтоқсанында «Теңізшевройл» ЖШС Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына мұнайдың төгілуін апатқа жатқызу туралы департаменттің шешімін заңсыз деп тану және күшін жоюды сұрап, әкімшілік талаппен жүгінді. Осыған байланысты апатты тергеу туралы бұйрық тағы да тоқтатылды, - дейді Жаймағамбетов.

Оның айтуынша, бүгінде әкімшілік істі қарау Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау сатысында.

Ішкі комиссияның оқиғаны тергеу нәтижесін білу үшін ТШО-ға сауал жолдадық. «ТШО не себепті тұтас бір вагон мұнайдың төгілуіне қатысты оқиғаны апат деп санаумен келіспейді?» деген сауалымыз да бар.

Дайындаған Айнұр САПАРОВА

24 қаңтар, 11:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.