
Алда келе жатқан мерекелік демалыс күндері қала тұрғындары балаларымен серуенге жиі шығатыны белгілі. Осы ретте Атырау қаласы әкімдігі ата-аналарға маңызды ескерту жасады - қаладағы субұрқақтарға жақындауға болмайды.
Әкімдіктің мәліметінше, Атырау қаласында қазіргі таңда 14 мекенжайда орналасқан 40-қа жуық субұрқақ жұмыс істеп тұр. Алайда бұл нысандар – сәндік-архитектуралық мақсаттағы құрылымдар. Олар шомылуға немесе қол жууға арналмаған. Себебі, субұрқақтардың астында жоғары кернеулі инженерлік желілер орналасқан.
– Гранит тастардың үстіне шығуға, суға қол салуға және субұрқақ ішінде ойнауға мүлде болмайды. Балалардың қауіпсіздігі - ата-ананың жауапкершілігінде. Баршаңызды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз, – делінген қала әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, биыл Атыраудағы субұрқақтарға күтім жасау бойынша екі лот жарияланған. Екі лотты да "GlobalStroy KZ" ЖШС ұтып алған.
Бірінші лот бойынша:
- Флагшток аумағы – 2 дана
- Жастар паркі – 15 дана
- Ақжайық (орталық субұрқақ) – 1 дана
- Облыс әкімдігі аумағы – 1 дана
- Д.Нұрпейісов алаңы – 1 дана
- Шаңырақ – 2 дана
Осы нысандарды күтіп ұстауға 112 млн 500 мың теңге бөлінген.
Екінші лот бойынша:
- Алаң – 8 дана
- Торнадо – 1 дана
- Арбат – 1 дана
- Алмагүл – 1 дана
- Драма театр – 3 дана
- Құрманғазы – 1 дана
- Смағұлов – 4 дана
- Ретро парк – 2 дана
- Балықшы – 1 дана
Бұл жұмыстарға 116 млн 928 мың теңге қарастырылған.
Бөлінген қаражат аясында мердігерге:
Суды ай сайын ауыстыру, Субұрқақ жүйелерін тұрақты жұмыс күйінде ұстау, Субұрқақтарды жуу, тазалау, Сорғыларды монтаждау, жөндеу, ауыстыру, Керамикалық жабындарды қалпына келтіру және тігістерін герметикамен толықтыру, Химиялық реагенттер арқылы суды өңдеу, Айналасын қоқыстан тазарту, Жарық және музыкалық жүйені бағдарламалау, реттеу жұмыстары кіретіні көрсетілген келісімшарттың техникалық ерекшелігінде.
Kompra.kz мәліметінше, "GlobalStroy KZ" ЖШС Ақтөбеде тіркелген. Оның басшысы және жалғыз құрылтайшысы – Самир Кушимов, ол сондай-ақ "АСУ Групп" ПК мен "Ақтөбе ЭлектроМонтаж" ЖШС-ін басқарады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау -2