Атырау, 21 желтоқсан 13:38
 бұлттыВ Атырау -1
$ 517.66
€ 606.49
₽ 6.44

Атырауда сот «Baisanat Residence» ТҚК-не қатысты прокуратураның талап арызын қанағаттандырды

Сурет Бейнежазба
878 рет қаралды
«Baisanat Residence» ТҚК

Бүгін, 30 сәуірде, Атырау қалалық №2 соты Baisanat Residence кооперативінің (ТҚК) мүлкін қайтаруға қатысты азаматтық іс бойынша шешім шығарды. Сот прокуратураның талап-арызын толығымен қанағаттандырды.

"Baisanat Residence" ТҚК-ін 2020 жылы тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған екі азамат құрған. Бұл мақсатта олар 90 азаматпен үлестік құрылысқа қатысу туралы келісімдер жасасып, 1,1 миллиард теңге қаражат тартқан. Нысанның пайдалануға берілуі 2022 жылдың IV тоқсанына жоспарланған болатын, бірақ құрылыс ақыры аяқталмай қалды.

Тұрғын үйсіз және салған қаражатынсыз қалған үлескерлер полицияға жүгінді. Тергеу барысында бір пәтер бірнеше адамға сатылғаны анықталды. 2024 жылы сот процесінің нәтижесінде кооператив құрылтайшылары алаяқтық және мүліктік залал келтіру бойынша кінәлі деп танылды. Сот оларды тиісінше 8 және 7 жылға бас бостандығынан айырды.

2025 жылы прокуратура зардап шеккен үлескерлердің мүддесін қорғай отырып, Атырау қалалық сотына ТҚК және оның құрылтайшыларымен жасалған келісімдерді бұзу, сондай-ақ мүлікті қайтару жөнінде талап-арыз берді. Сот прокуратураның дәлелдерін негізді деп танып, талап-арызды толық қанағаттандырды.

Қабылданған шешім жаңа инвесторларды тартуға және құрылысты аяқтауға мүмкіндік береді, бұл үлескерлерге көптен күткен тұрғын үйлерін алуға жол ашады.

Қалалық прокуратураның мәліметінше, «Қазанат» ТҚК жер учаскесі қайтарылған, сондай-ақ «Ақмаржан» ТҚК үйлері пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта «Андорра Констракшн» ЖШС, «Сарайшық» ТҚК және "Family" ТҚК сияқты басқа да проблемалық нысандар бойынша жұмыс жалғасуда.

Айнұр САПАРОВА

30 сәуір, 15:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.