
Атырау қаласының №2 соты облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сарсембаевты қоғам белсендісі Сандуғаш Кукеноваға күш қолданды деп айыпталған іс бойынша ақтап шықты. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы, 2-бөлігі, 5-тармағы бойынша жеңіл дене жарақатынсыз физикалық ауырсыну келтірді деп айыпталған болатын.
Айыптау нұсқасы бойынша, өткен жылдың 7 қарашасында Сарсембаев «бұзақылық ниетпен» белсендіні бүйірімен итеріп, оған физикалық ауырсыну келтірген. Прокурор айыппұл салуды сұрады, ал депутат тағылған айыпты мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
Сот оның пайдасына шешім қабылдады.
- Жанжалдың бастамашысы жәбірленушінің өзі болып, депутатты итеріп, оның кабинеттен шығуына кедергі келтірген. Депутат оған қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қолданбаған, өзін қорғап, кабинеттен шығуға тырысқан. Қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы жоқ,- делінген сот хабарламасында.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, осы жылдың қаңтар айында дәл сол сот Сандуғаш Кукенованы Сарсембаевқа соққы бергені үшін кінәлі деп таныды. Ол кезде де оның әрекеті бұзақылық деп бағаланған.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
В Атырау 0