
23 қаңтарда Атырау қаласының №2 соты облыстық мәслихат депутаты Сырымбек САРСЕМБАЕВКЕ бұзақылық ниетпен қол жұмсаған блогер Сандуғаш КУКЕНОВАҒА қатысты үкім шығарды.
2024 жылдың аяғында халық қалаулысы блогердің үстінен ҚР ҚК 109-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша сотқа шағым түсірген болатын. Сот сотталушы депутатпен кездескен кезде оның бөлмеден шығуына кедергі келтіріп, бұзақылық ниетпен коридорға шыққанда оны қолымен итеріп, бірнеше рет қол көтергенін анықтады.
Кукенованың кінәсі куәгерлердің жауабымен, сот-дәрігерлік сараптама қорытындысымен және бейнежазбалармен дәлелденді. Прокурор оған 200 АЕК (786 400 теңге) көлемінде айыппұл беруді сұрады. Блогер кінәсін мойындамай, өзін ақтауды сұрады.
Тағылған айып бойынша 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 100-ден 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не 30 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу жазасы қарастырылған.
Сотталушы кінәлі деп танылып, оған 100 АЕК (393 200) теңге көлемінде айыппұл төлеу жазасы берілді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ, деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Депутат сот процесінің қорытындысы бойынша пікір айтудан бас тартты: "Мен сотқа онлайн түрінде қатыстым, қандай шешім шығарғанын білмеймін", деп қысқа қайырды.
Ал сот ғимаратының алдында блогер, қоғам белсендісі С.Кукенова былай деп мәлімдеді:
- Бізде әділдік жоқ, мен сотқа да, құқық қорғау органдарына да сенбеймін. Мен депутатты ұрып-соғып, зорлық-зомбылық жасағаным жоқ. Бірақ сот әділ шешім шығарады деп сенген едім, тіпті қамауда отыруға да дайындалып келдім. Одан да оны ұрып-соғып, басымды тік көтеріп жүруім керек еді. Сол себептен мен Астанаға Ақордаға барып, ел призиденті Қасым-Жомарт Тоқаевтан ғана әділдік сұраймын.
Блогер қасында бірге жүрген тілеулестерімен бірге сот ғитмаратының алдындағы жолды жабуға тырысты. Алайда полиция оларды таратып жіберді.
Естеріңізге сала кетсек, депутат пен блогер арасындағы дау-дамай өткен жылы басталған болатын.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау 0