Атырау, 11 желтоқсан 13:58
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Депутат Сәрсембаев блогер Кукеноваға қарсы: текетірес сотқа ұласпақ

1 356 просмотра

Облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаев пен қоғамдық белсенді Сандуғаш Кукенова арасындағы болған өзара дүрдараздық қоғам талқысына түсіп, әркім әртүрлі пікір қалдыруда. Олардың тарапына қалдырылған жағымды, жағымсыз пікірлер бар. Олардың арасында ағалық ақ тілекпен «істі» насырға шаптырмай, өзара келіспеушілік пен татулыққа шақырып жатқандар да жоқ емес. «АЖ» тілшісі депутат пен белсендімен хабарласқан болатын.

«ЕСІКТІ ЖАУЫП, КҮШ ҚОЛДАНДЫ»

Облыстық мәслихаттың депутаты Сырымбек Сарсембаевтың айтуынша, бәрі оның әлеуметтік желідегі жазбасынан басталған. Онда кейбір атыраулық блогерлердің (аты-жөндерін көрсетпей) өз әрекеттерінде жалпы қабылданған этика және іскерлік қарым-қатынас шегінен шығып кеткені айтылған.

- Маған осы жазбаның астына бір-бірімізге қарсы пікір қалдырып жүрген С. Кукеновамен өзара түсінісу ретінде «Аманат» партиясынан кеңселеріне кездесуге шақырған болатын. Мен оған келіспедім, оның тарапынан қандай да бір айыптаулар болса, сотқа бере берсін деп ескерткен болатынмын. Бірнеше күннен кейін тағы да партия кеңсесіне шақырту түсіп, бардым. Сандуғаш Кукенова (қасында басқа адамдар да болды) келіп отыр екен. Маған Кукенова әлеуметтік желідегі жазбаларыма түсінік беруімді талап етті. Дауысы тым қатқыл шықты. Мен барынша түсіндіруге тырысқаныммен дәнеңе шықпады. Кукеноваға, егер жауабыма қанағаттанбаса сотқа беру керектігін айтып, еріксіз орнымнан тұрып, кеткім келді. Сол кезде ол есікті жауып, маған күш көрсетіп, кедергі келтірді. Текпешікпен төмен түсіп бара жатқанымда ашуға берілген Кукенова костюмімнің кеудесіндегі депутаттық төсбелгімді жұлып алды. Егер қоғамдық белсенді, блогерлер бұлайша тайраңдай берсе, бұл алдағы уақытта жақсылыққа апармайды. Сол себептен Кукенованың үстінен полицияға арыз түсірдім. Мен енді істің ақырына жетіп, нүкте қойғым келеді, бұл жерде кешірім мәселесі орын алмауы тиіс. Бұл іс бойынша нақты тергелуін, әділдік орнауын талап етемін. Оның сазайын беру үшін мені біреуді шақырды деп айыптауына келсек, бұл да негізсіз айыптаулар.

«РАШИТКЕ «ЖІГІТТЕРДІ ЖИНА» ДЕДІ»

Қоғамдық белсенді, блогер Сандуғаш КУКЕНОВАНЫҢ пікірінше, бұлай болмаған.

Бейнежазбадан скрин

- Облыстық Мәслихаттың депутаты Сырымбек Сәрсембаев өзінің Facebook парақшасында парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай ТҰРҒАНОВҚА Құлсарыны судан аман-есен алып қалған осы кісі деп, қоғам қайраткері атағын беру жөнінде пост жариялады. Мен Жылыой ауданының халықтың жарқиярлық еңбегінің арқасында аман қалғаны жөнінде пікірімді жаздым. Осыдан кейін ол мені блокқа салып, блогерлер туралы пікір қалдырды, жендеттер, ата-анасын бес тиынға сатқан, жалдамалы журналистер деп жазды. Халық үміт артып, сенім білдірген депутаттың бұлайша пікір қалдыруы мені қайран қалдырды. «Аманат» партиясына Сәрсембаевпен кездестіруін сұрадым.

...Мен төс белгіні неге жұлдым? Ол жауап беруден қашып, жазған жазбаларына жауап бергісі келмеді. Депутат адам қандай эмоцияға берілсе де жауаптан жалтармау керек деп ойлаймын, шындықтан қашпау керек. Мен Сәрсембаевтың төс белгісін облыстық мәслихатқа тапсырдым. Ол депутаттыққа лайық па, тексеріп шешсін. Бүгінде ол менің үстімнен ұрып-соқты деп арызданып отыр. Ондай жағдай болған жоқ, рас жауап ала алмағасын оны жібермеуге тырыстым, оны мойындаймын. Ал кеудесін тырнағаным жоқ, мүмкін басқа жерде орын алған болар.

Жалпы депутаттың әс-әрекеті жөнінде (парақшасына түрлі пікір қалдыруы) президент аппаратына, парламентке, облыстық Мәслихатқа арыз түсірдім, бірақ әлі жауап жоқ. Айтпақшы, «Аманат» партиясындағы болған кездесуде Сәрсембаев Рашит деген біреуге телефон соғып, «жігіттерді жина» деп бұйрық берді. Белгісіз біреулердің маған және отбасыма қоқан-лоққы жасап жүргендерін айтып, қорғауды сұрап пост жарияладым. Сәрсембаев қоғамдық белсенділер мен блогерлер арасында іріткі салуда, сондықтан шарасын алуын өтінемін.  

«АЖ» тілшісі бұл оқиға жөнінде облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне хабарласқанда, олар комментарий беруден бас тартты. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі депутаттың арыз түсіргенін, нақты қандай баппен іс көтерілгені жөнінде прокуратураның рұқсатын күтіп отырғанын жеткізді.

Ал облыстық Мәслихаттың төрағасы Мұса ХАЙРУЛЛИЕВ та бос еместігін айтып, бұл жайтқа байланысты түсінік бермеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 қараша, 19:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.