
2025 жылдың 25 сәуірінде Астана қаласының соты әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы «Каспий теңізін сақтайық» экологиялық қозғалысының негізін қалаушы Вадим Нидің апелляциялық шағымын қанағаттандырудан бас тартты.
Шағымда Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарындағы өнімді бөлу туралы келісімдер (ӨБК) мен концессиялық келісімдердің экологиялық және қаржылық шарттарын жария ету талабы қойылған болатын.
«Бұл – әділ сотқа қол жеткізу құқығының тағы бір өрескел бұзылуы. Біз өз ресурстарымыз қандай шарттармен өндіріліп жатқанын және одан кім пайда көретінін білуге құқылымыз», – деп мәлімдеді Вадим Ни сот шешіміне пікір білдіріп. Ол сондай-ақ қозғалыстың мұнай келісімдерінің ашықтығы үшін күресті жалғастыратынын атап өтті.
Осы арада бұл мәселе Халықаралық журналистік зерттеулер консорциумы (ICIJ) жариялаған материал аясында қайта талқылауға түсті. Журналистер Қазақстан мен North Caspian Operating Company (NCOC) консорциумы арасындағы Қашаған кен орнына байланысты арбитраждық даудың аралық шешіміне қол жеткізгенін хабарлады.
Зерттеу нәтижесінде Қашағандағы мұнай өндірісінен түсетін табыстың 98%-ын халықаралық мұнай компаниялары алатыны, ал Қазақстанға тек роялти төлемдері ғана қалатыны айтылған. Мұндай үлес бөлінісі 2000-жылдардың басында жасалған өнімді бөлу келісімі негізінде жүзеге асырылған деп болжануда.
Кейінірек, энергетика министрі Ерлан Аккенженов Қазақстанның Қашағандағы үлесі 2% ғана деген ақпаратты жоққа шығарды.
«Бұл келісімдердің құпиялығы тек бір тарапқа тиімді. Біз әлі күнге дейін ел ресурстары кімнің игілігінде екенін толық білмейміз. Мұндай жағдайға жол беруге болмайды», – деп атап өтті Вадим Ни.
Экологтардың пікірінше, ҚР-дағы өнімді бөлу келісімдеріне қатысты қазіргі жағдайды қайта қарау ғана емес, жалпы табиғи ресурстарды басқару жүйесіне ашықтық пен әділеттілікті енгізу қажет. Қоғамдық белсенділер бұл мәселеге көз жұму Каспийдің экологиялық қауіпсіздігіне және елдің экономикалық егемендігіне қатер төндіреді деп есептейді.