Атырау, 5 сәуір 1942
 ашықВ Атырау +13
$ 504.34
€ 556.34
₽ 5.97

Вадим НИ: «Мұнай компанияларының ақпараттық блокадасын бұзу үшін барлығы бірігуі қажет»

932 просмотра

Қазақстандық Save the Caspian Sea қозғалысы өкілдерінің пікірінше, Каспий теңізінде орын алған өзгерістердің көпшілігі  қайтымсыз. Нақты не істеуге болады және өз құқықтарыңыз үшін күресуді қалай үйренуге болады – экологиялық қозғалыстың негізін қалаушы, экологиялық құқық заңгері және климат бойынша сарапшы Вадим НИМЕН сұхбаттасқан «АЖ» тілшісінің материалында.

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ 

Вадим Ни ұзақ уақыт бойы халықаралық деңгейде, соның ішінде Орхус конвенциясын және ЕЭК-тің су және денсаулық жөніндегі хаттамасын сақтау комитеттерінде жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы делегациясының құрамында климаттың өзгеруі мәселелері бойынша келіссөздерге тұрақты қатысып отырды.

– Салыстыру орынсыз шығар, бірақ мен мынадай ұқсастық келтірейін: Атырау мен облыс тұрғындарының тағдыры Каспий теңізін мекендеушілердің тағдырына көп ұқсас. Біз де үнемі улайды, ауырамыз, солып, нашар экологияға байланысты аурулардан өлеміз. Сіздің қозғалыс мұнайлы өңірдің тұрғындарына өмір сүру және дені сау балаларды тәрбиелеу құқығы үшін теңсіз шайқаста көмектесе ала ма?

- Тұрғындардың экологиялық және әлеуметтік құқықтары үшін күресу жағдайы анағұрлым тең болуы мүмкін. Барлығына бірігіп, жергілікті жерде ғана емес, ұлттық және халықаралық деңгейде жұмыс істеу керек. Бұл орайда біз облыс тұрғындарына, жергілікті белсенділерге және экология ұйымдарына көмектесуге тырысамыз. Біздің тәжірибеміз ақпараттық блокаданы бұзып, дауыстарды анағұрлым жеткізуге әрі ықпалды етуге көмектеседі. Мәселен, аз уақыт ішінде Каспий теңізіне қатысты ақпараттық толқынды көтеріп, көптеген халықаралық басылымдарға шықтық. Шындығында, ондаған жылдар бойы Каспийдің тағдырына алаңдаушылық білдіріп, өз қаупін жеткізе алмаған әріптестер бүгінде ақпарат кеңістігінде толыққанды ұсынылғанын көріп жүрмін. Бұл бірнеше айдың ішінде қол жеткен жақсы нәтиже. Ендігі басты назар - жергілікті белсенділер алдыңғы қатарға шығып, мемлекеттік органдармен және мұнай компанияларымен тең дәрежеде диалогқа түссе дейміз. 

Қозғалыс өткен жылдың соңында құрылғанына қарамастан, бұған дейін мен «АЭС керек емес» кампаниясымен айналыстым, республикалық референдум кезінде АЭС құрылысына қарсы шыққандардың іс-әрекетін үйлестірдім. Референдумда жеңіске жету мүмкін болмады, бірақ құрылысты қолдаушылармен сәтті күрестік.

– Экология үшін күресуші ретінде сізге Каспий теңізінің экожүйесінің бақылаусыз мұнай өндіру, балық аулау және ластану салдарынан қауіпті жағдайда тұрғаны туралы айтылып келе жатқаны белгілі. Шын мәнінде сіз биоәртүрлілікті сақтау үшін теңізде мұнай өндіруді қоса алғанда, осы барлық факторлар тоқтатылуы мүмкін деп ойлайсыз ба?

– Теңізде мұнай өндіру толық тоқтайды деп күтетіндей аңғал емеспін. Әрине, осы кезеңде бұл тәуекелдерді толығымен жою мүмкін емес, бірақ оларды азайтуға болады. Не болып жатқанына көз жұмып қалмау маңызды – бұл тәуекелдерді белгілі бір бақыланатын шектерде ұстауға мүмкіндік береді. Қоршаған орта мен табиғи ресурстарды сақтау үшін ешкім өз бетінше табыс деңгейін төмендетпейді. Бұл қашанда жергілікті тұрғындар мен мемлекеттік органдардың талап-тілектерінің нәтижесі. Бүгін мен жергілікті халықты бірінші орынға қояр едім; ол бұл мәселеде жетекші рөл атқара алады және рөлді алуға тиіс.

Каспийдің табиғи ресурстарын пайдалану шарттарын өзгерту үшін халықтың үнін еститіндей ету біздің қолымызда.

Қазіргі уақытта біз үкіметке ұсынысымызды жеткіздік. Біріншіден, бұл – Каспийдегі мұнай өндірудің ашықтығы мен айқындылығын қамтамасыз ету, оның шарттары халыққа түсінікті болуы тиіс. Екіншіден – теңіздің болашақ тағдырына қатысты, оның ішінде тайыздануына байланысты, көпжақты диалогты ұйымдастыру, теңізді ластаған мұнай және басқа да өнеркәсіптік компаниялардың экологиялық және әлеуметтік көрсеткіштерін жақсартуға қол жеткізу. Үшіншіден – Каспий теңізінің биоәртүрлілігін сақтауға жағдай жасау және сақтау шығындарын арттыру.

– Сұхбаттарыңыздың бірінде қозғалыс мақсаттарының бірі – әртүрлі тараптар – экологтар, халық және мұнай компаниялары арасында диалог орнатуды айттыңыз. Бұл салада жетістіктер бар ма?

– Каспий қорғаушылары мен мұнай өндіру саласының ашықтығын қолдайтындардың деңгейінде диалог ұйымдастыру бірден іске асырылды. Бұл көрінгендей оңай міндет емес. Көптеген қазақстандық БАҚ диалог идеясын қолдады, ал шетелдік журналистер мен сарапшылар бұл мәселеге қызығушылық танытып отыр. Мемлекеттік органдардың арасында біз Каспий теңізінің экологиялық дағдарысы мәселесі бойынша диалогтың қажеттілігін өз пікірталастарымызға қатысу арқылы да, ақпарат пен консультациялар алмасу арқылы да түсіндік. Әзірге шетелдік мұнай компанияларын бұл диалогқа тарту мүмкін болмады, оларды үнемі шақырамыз, бірақ бас тартады. Мен олардың бізді еститініне, байыпты қабылдайтынына сенімдімін, бірақ қазірше елемей отыр.

Save the Caspian Sea – бұл тек оқу-ағартушылық және ақпараттық мақсаттарда құрылған азаматтық қозғалыс. Оның мақсаты – Каспий теңізін қамтитын экологиялық жағдайға назар аудару. Кампания тәуелсіз болып табылады және қандай да бір саяси, діни, әлеуметтік немесе экономикалық ұйымдармен немесе құрылымдармен байланысты емес.
Кампания қандай да бір тұлғаларды, топтарды немесе ұйымдарды сынға алу, қорлау немесе зиян келтіру мақсатын көздемейді. Кампания аясында жасалған барлық әрекеттер мен материалдар конструктивті диалогты дамытуға және экологиялық білім беруді ілгерілетуге бағытталған.

– Каспийдің тағдыры көп жағдайда мұнай компанияларына байланысты. Сіздің теңізге қатысты болжамыңыз қандай?

– Каспий Арал теңізінің қасіретті жолымен келе жатыр. Бірақ оның қайталанғанын ешкім қаламайды. Сондықтан оны құтқаруға бағытталған қадамдар жасауға болады, оң нәтижелерге үміттенуге болады. Бекіре тұқымдас балықтардың және Каспий итбалығының популяциясы тұрақтырақ деңгейде қалпына келеді деп үміттенемін. Бекіре тұқымдас балықтар бойынша жыл сайын аулауға мораторий ұзартылып отырады, атап айтқанда, Каспий итбалықтарын сақтау мәселесіне де назар аударудың артқаны байқалады.

…Қазіргі уақытта теңіз деңгейінің төмендеуі негізінен өзендердің, соның ішінде Еділ өзенінің ағысының азаюына байланысты болып отыр, бұл температураның көтерілуі мен жауын-шашын режимінің өзгеруі салдарынан орын алуда. Ресеймен осы ағынды анағұрлым қолайлы деңгейде сақтауға келісу мүмкіндігі бар деген үміт бар, өйткені оның кейбір аймақтары да осыдан зардап шегеді. Өкінішке орай, Каспийде мұнай өндіру алдағы екі-үш онжылдықта жалғасады. Бірақ оны анағұрлым ашық және айқын, жергілікті халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілік режиміне және теңіз алдындағы экологиялық жауапкершілік режиміне ауыстыру кезеңі келді. Каспий теңізінің экологиялық дағдарысы жақындап келе жатқанын түсіну және бұл мәселені шешу қажеттігі ең жоғары саяси деңгейде орын алуда.

– Ақтау және Құрық порттарындағы тереңдету жұмыстарының жоспарлары мақұлданған және осы жұмыстарға қаржыландыру қарастырылған. Бірақ бұл жерде экологияға қайта қауіп төніп тұрғаны рас қой?

– Иә. Каспий теңізінің аңғарын тереңдету жұмыстарын жоспарлау нақты көрініс таба бастады. Бұл жұмыстар кеме қатынасы үшін жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді, бірақ экологиялық салдарсыз болмайды. Жұмыстар бірнеше жылға созылады, теңіздің ластануына әкеледі, бекіре тұқымдастардың және каспий итбалықтарының миграциялық жолдарын бұзады, Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі су деңгейінің төмендеуіне аз да болса ықпал етеді. Қазіргі уақытта бұған экологтар мен жергілікті тұрғындардың назарын көбірек аудару қажет, бұл экологиялық қауіптерді азайтуға және осы жобаларға жұмсалған шығындардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

– Каспийде төтенше жағдай режимін енгізу теңіз мәселесін жақсартуға әсер етеді деп ойлайсыз ба?

– Мен төтенше жағдай режимін енгізуді жақтамаймын, себебі ол тұрғындар үшін белгілі бір шектеулермен байланысты. Экологиялық кодекстің 407-бабына сәйкес, бұл жағдайда қолдануға болатын шараларға көз жүгірту жеткілікті. Олар тұрғындарды қауіпті жерлерден көшіруді, кіру мен шығуға шектеу қоюды және тіпті, сауықтыру, курорттық мақсаттағы объектілердің қызметін тоқтатуды қамтиды. Заңда көрсетілген барлық тыйымдар қолданылуы міндетті емес, бірақ бұл мәселені шешудің күштік және агрессивті тәсілі деп айтуға болады. Мұндай жағдайда тек Каспий теңізі дағдарысына кінәлілер ғана емес, қарапайым азаматтар да зардап шегеді. Одан кімнің көп зардап шегетіні белгісіз. Сондықтан мен Каспийде төтенше жағдай режимін енгізуге қарсымын, бұл мәселені қысқа мерзімде шешу мүмкін емес, ал ұзақ мерзімге мұндай режимді енгізбеген жөн.

– Сіз ондаған жылдар бұрын жасалған  Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз мұнай-газ кен орындары бойынша өнім бөлінісі туралы келісімдердің мазмұнын қазақстандықтар, әсіресе Каспий маңы тұрғындары білуі керек деп мәлімдедіңіз. Сіздің ойыңызша, бұл ақпарат қазақстандықтарға, атап айтқанда, Каспий маңы тұрғындарына не береді?

– Бұл оларға жалпы не болып жатқанын білу құқығын береді. Бір кездері келісімдер жасалды, оның мазмұны өте шектеулі адамдар тобына ғана белгілі. Ақпан айының ортасында парламентте Теңіз бойынша келісім талқыланып, оның шарттарының әділдігі туралы мәселе көтерілді. «Теңізшевройл» ЖШС-нің бас директоры бұл шарттарды әділ деп санайтынын айтты. Бірақ бұл шарттардың Қазақстан халқы үшін әділ екенін қалай бағалауға болады? Тіпті оның мазмұнын депутаттар да білмейді ғой. Біреулер бір кездері бір нәрсе туралы келісті, табиғи ресурстар Конституцияға сәйкес халыққа тиесілі, бірақ олар не туралы келіскенін білу құқығынан айырылған. Егер осы келісімдердің мәтіндерін парламент депутаттары білмесе, басқа не айтуға болады.

30 жыл ішінде барлық кен орындарындағы жабдықтар ескірді, бұл уақыт ішінде жабдықтар аз режимде пайдаланылғанның өзінде тозады. Сондықтан инвесторларға жабдықтардың, соның ішінде мұнай құбырлары, бұрғылау қондырғылары физикалық тұрғыда тозған кезде қолданылатын талаптар, шаралар, соның ішінде санкциялар туралы білу маңызды, өйткені бұл өнеркәсіптік апаттар қаупінің артуына әкеледі. Бұл тек энергетика министрлігі үшін ғана емес, депутаттық корпус пен сарапшылар үшін де маңызды.

– Save the Caspian Sea қозғалысының энергетика министрлігімен соттасып жатқаны белгілі. Осы істің фабуласын айтуға бола ма және бүгінгі күнге дейінгі нәтижелерін қандай?

– Иә, мен Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындары бойынша келісімдерден құпиялылық режимін алып тастау үшін энергетика министрлігіне қарсы әкімшілік талап арыз бердім. Бірінші инстанцияда шағымым негізсіз қайтарылды, жақында апелляциялық инстанцияға шағым бердім.

Менің шағымым немен байланысты? Жыл басында мен Қарашығанақ және Қашаған бойынша өнім бөлінісі туралы келісімдердің экологиялық бөлігін, сондай-ақ Теңіз бойынша консорциумдық келісімді ашу туралы энергетика министрлігіне сауал жолдадым. Бұл – бұрыннан келе жатқан мәселе, оны шешуді қолайлырақ уақытқа дейін кейінге қалдырған едім. Мұндай құпиялылық Орхус конвенциясының ақпаратқа қол жеткізу, шешім қабылдау процесіне жұртшылықтың қатысуы және қоршаған орта мәселелері бойынша сот төрелігіне қол жеткізу талаптарына қайшы келеді. Қазақстан бұл конвенцияны 2000 жылы ратификациялады. Мен Орхус конвенциясының 4 және 5-баптарында көзделген құқықтар негізінде экологиялық ақпаратқа қол жеткізуді және оны жария етуді талап еттім.

– Энергетика министрлігі бұл ақпаратты ұсынудан бас тартып, оны мұнай компанияларына берілген құпиялылықты сақтау кепілдіктерімен және олардың жазбаша келісімдерін алу қажеттілігімен түсіндірді. Кейіннен сотта министрлік өкілі компаниялардың жазбаша келісімін ала алмағанын айтты. Әкімшілік шағым аясында мен сұратылған экологиялық ақпаратты сот тәртібімен ұсынуды, сондай-ақ энергетика министрлігінің әрекетін заңсыз деп тануды талап етемін. Әзірге Астана қаласының әкімшілік соты бұл бас тартуға шағымдану мүмкін емес деген шешім қабылдады. Біз бұл мәселені ҚР соттарында шешудің барлық мүмкіндіктерін іздейміз, егер ол мүмкін болмаса, халықаралық инстанцияларға жүгінеміз. Ақырында, бұл – Каспийдегі мұнай өндірудің ашықтығы мен айқындылығы, жұртшылықтың мұнай компанияларынан өз қызметінің экологиялық көрсеткіштерін жақсартуды, өздері шектен тыс кіріс алатын өңірдің дамуына үлес қосуын талап ету мүмкіндігі.

Жалпы, бюджетке аударымдар, экологиялық төлемдер бойынша әртүрлі мемлекеттік органдарға бірнеше сұраныс жіберілді. Сол жерден сұратылған ақпаратты ала аламыз. Сондықтан әлемдегі ең ірі мұнай компаниялары өз қызметінің құпиялылығын барынша қолдайтынын дәлелдеуге негіз бар. Мұны түрлі-түсті буклеттер мен есептер арқылы жасау оңай, бірақ мұны іс жүзінде көрсету қиын…

Ашықтық, айқындық, экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікті арттыру! Біз қол жеткізуге тырысып жатқан нәрселер осы.

– Сұхбатыңыз үшін рахмет. 

Анастасия ШЕРСТЯНКИНА

2 сәуір, 13:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.