Атырау, 26 қараша 05:45
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Байшонас: көш қашан бітеді?

9 299 просмотра

Байшонас ауылы толық көшіп біткен жоқ. Ауылда бар болғаны жиырма шақты отбасы қалған. Ауыл деген аты ғана, тіпті мектеп те жабылып, балалар оқу үшін қайда баратындарын білмей дал. Ауылда қалған жанұялардың атынан редакцияға 12 адамның қолы қойылған арыз хатты Лиза ЖОЛДЫБАЕВА келіп тапсырды.


- Ауыл көшіп болды деген ақпарат баяғыда тарағанмен, көштің соңында тағы да адамдар бар екені еш жерде айтылмайды. Байшонастың қазіргі халі адам шошырлық, жалғыз дүкеннен керегімізді табу мүмкін емес, мектеп, балабақша, амбулатория жабылды. Әкімшілік ғимараты төбесіндегі көк туымызға қарап медет тұтқанмен онда жұмыс жасайтын адамдар Атырауға көшіп кеткен. Анықтама алу үшін әкімшілік адамдарын қаладан іздеп сабылып жүргенің. Ауылдан 40 шақырым жердегі Доссорға барып, керек-жарағымызды алуға бұрынғыдай такси жоқ. Ауылдағы көше шамдары сөнген, қап-қараңғы. Үйлерді белгісіз біреулер бұзып алып кетіп жатыр, Байшонастың бүгінгі жайы бейнебір соғыс жүріп өткендей күйде. Жұртта қалған аш ит, мысықтар адамға шабуылға шыға ма дейміз, түзге шығуға қорқамыз. Ал жаңа оқу жылына баратын оншақты баланы  не күтіп тұрғанын білмейміз. Бізді тезірек көшірсін, бұл не мазақ. Біз қашанғы жұртта отырамыз, - дейді Б. ИДИРОВ, С.ҚОРҚЫТОВА, И. ЖОЛДАСБАЕВА, т. б.

Лиза ЖОЛДЫБАЕВА.Лиза ЖОЛДЫБАЕВА.- Біз осы мәселені көтерген хатымызды Атырау қалалық әкімдігіне, «Нұр ОТАН» партиясына, прокуратураға тапсырдық. Бір апта округ кеңсесін иесіз тастап кеткеннен кейін әкімдікте қайтадан маман пайда болды. Бұл уақытша көз алдау. Оқуға түскен балама қажетті анықтаманы алу үшін мен олардың Атыраудағы үйлеріне екі - үш рет бардым. Өтірік десе айтсын, - дейді Л. Жолдыбаева.
Мақат ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Асылбек ӘБІЛҒАЗИЕВТІҢ айтуынша, аудан әкімі жақында Байшонасқа барған екен.
- Қазір онда ауыл әкімдігінен қызметкер және бір полицей бар. Ұры, қарылар үйлерді бұзып жатыр дегені негізсіз, оны иесінен сатып алған, - деді А.Әбілғазиев.
Ал аудан әкімі Ерболат ОМАРОВТЫҢ бұл мәселеге қатысты пікірі басқа.
 - Бұл адамдар Атыраудағы «Тұлпардан» берілетін үйден бас тартқандар. Олар «Нұрсая» мөлтек ауданынан баспана талап етуде және ауыл адамдары көрші орналасса, подъездері бір болса деп отыр. Ал «Нұрсаядағы» үй қашан берілетінін біз әзірге білмейміз. Сондықтан көшу қашан ұйымдастырылатынын айта алмай отырмын, - деді Е.Омаров.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

22 тамыз 2013, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.