Атырау, 22 қараша 20:39
 ашықВ Атырау +2
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Жұлдызды аспан астындағы фестиваль

4 218 просмотра

Қырғыз елінде Ыстық көл жағасында 15 елдің қолөнер шеберлері жиналған «Оймо-2013» шығыс халықтарының қолөнер фестивалі өтті.

 

ТӘҢІР ЖАНАРЫ

Қырғызстанның туристік брендіне айналған фестиваль дәстүр бойынша Бішкекте және Ыстық көл жағасында орналасқан Шолпан Ата қаласында өткізіледі. Алайда фестиваль туралы айтпас бұрын маған қатты әсер еткен Қырғыз елі туралы бір ауыз әңгімелеп кеткім келеді. Ол маған, ең алдымен, қол созсаң, жете алатындай жақын орналасқан түнгі аспанымен қатты ұнады. Жарқ-жұрқ еткен ірі жұлдыздары аспанды алтынмен көмкеріп қойғандай. Кенет «жұлдыздар жауыны» басталып кетті. Бұл шағын метеориттердің ағынды қозғалысы. Суреттеуге сөз жетпес керемет құбылыс!

Ыстық көлдің ашық көк түсті суы жасыл реңк тартып құбылады. 177 шақырымға созылған көл бадамша тәріздес. Қырғыздар оны «Тәңір жанары» деп атайды. Көлге 80 тау өзені құйылып, көк шалқар айдында тұйықталады. Жалпы, Қырғызстанның, осы тау биігінде орналасқан шағын мемлекеттің табиғаты (мемлекеттің төрттен үш бөлігі 3-4 мың метр биіктікте) сұлулығымен таңғалдырады. Ойға Жер Ана, Су Ана ұғымдарының шынайы мағыналары оралады...

 

САН АЛУАН БОЯУЛАР

Биыл сегізінші рет өткізіліп жатқан «Оймо-2013» қолөнершілер жәрменкесінің өңір мәдени өмірінде алатын орны ерекше. Онда Орта Азия, сондай-ақ Қытай, Ресей, Түркия елдері қолөнершілерінің үздік жұмыстары көрсетілді, Ауғанстаннан да шеберлер өз бұйымдарын ала келіпті.

Осы шығыс жәрмеңкесіндегі бояулардың алуан түрлілігі көздің жауын алғандай. Маргелан шеберлерінің жібек маталары, қырғыздардың киіз бұйымдары, риштандық керамика, тәжіктің дәстүрлі кестелері, Қазақстаннан келген зергерлік бұйымдар (атыраулық суретші Маржан Маршалл өз жұмыстарын ұсынды) жәрмеңкенің көркіне айналды... Көрмеге қырғыздың ұлттық қолөнеріне көп қамқорлық жасаған бұрынғы президент Роза ОТУНБАЕВА қатысты.

- Орта Азия қолөнерінің жәрмеңкесі мәдениаралық байланыстың дамуына, қатысушы елдер арасында әріптестік қарым-қатынастарды орнатуға мұрындық болады және Қырғыз елінің туризмін дамытуға үлкен үлес қосады, - деді Отунбаева.

 

ІСМЕР ЖҰЛДЫЗ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР

Киіз басу шебері Жұлдыз АСАНҚҰЛОВА маған кезінде ата-бабалары бір түскиізді жылға жуық уақыт басса, қазір 20 минутта дайындайтынын айтты. Жұлдыздың жұбайы киізді электр қуатының көмегімен басатын құрылғы ойлап тауыпты.

Киіз – қырғыздардың ұлттық нақышын білдіретін бұйым, сондықтан да олар бұл өнерді асыл қазынасындай сақтап, дамытып отырады. Мұнда киіз басу кәсібін үйрену үшін әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдіктер келіп, дәріс алып жатады. Мұнда әр ауыл жеке шеберхана тәріздес. Барлық тұрғындары тек киіз үй жасайтын айылдар да бар екен. Әр үйде міндетті түрде бір киіз үй жасау шебері болады! Мен 18-ғасырға түсіп кеткендей болдым. Айтпақшы, ауыл тұрғындары күні бүгінге дейін бидай, арпа, сұлы және қара бидайды өздері егеді екен. Ауыл жасыл баққа оранған. Алма мен алмұрт, өрік пен жүзім жабайы жемістер сияқты әр жерде өсіп тұр.

Қырғыздардың әлемді таңғалдыратындай дүниелері баршылық. Сондықтан да шығар, Жұлдыздың киіз басу шеберханасына күніне екі рет Бельгиядан, Голландиядан және Франциядан келген шетелдіктерге толы автобус келді. Олар бұл жерден үлкен рухани ләззат алып кеткендері сөзсіз.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

Суретті түсірген автор  

21 тамыз 2013, 17:03

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.