Атырау, 12 желтоқсан 04:58
 бұлттыВ Атырау -5
$ 520.02
€ 608.79
₽ 6.57

Балық шаруашылығы комитетінің басшысы Серік Сермағамбетов: «Мемлекет байлығына қол сұққандар жазалануы тиіс»

966 рет қаралды

Атырау облысында 1 сәуірден бастап «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясы ресми түрде басталады. Бағалы балық түрлерін, әсіресе бекіре тұқымдастарын заңсыз аулауға тосқауыл қою мақсатында ұйымдастырылатын акция Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында 31 мамырға дейін жүргізіледі.

Бұл туралы бүгін «Бекіре-2025» кең ауқымды балық қорғау акциясын өткізуге қатысты брифингте ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов мәлімдеді. 

- «Бекіре-2025» акциясы шеңберінде құқық қорғау және табиғат қорғау органдарының өзара іс-қимылын үйлестіру үшін арнайы штаб құрылды. Ауыл шаруашылығы, Ішкі істер министрліктері мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағалары бірлескен бұйрыққа қол қойып, балық қорғау шараларын күшейтуге шешім қабылдады. Браконьерлікпен күресті күшейту мақсатында республика аумағында 1466 маман тартылса, оның 604-і Атырау облысында. Сонымен қатар, 298 автокөлік, 84 қайық пен шағын кемелер, 6 ұшу аппараты мен квадроциклдер тартылды. Сонымен қатар қажет болған жағдайда тікұшақ пайдаланылады, -деді Серік Сермағамбетов.

Акция кезінде Атырау облысында 18 бақылау бекеті құрылады, оның ішінде 7 стационарлық және 11 жылжымалы бекет бар. Сонымен қатар, Жайық-Каспий бассейніндегі жағдайға байланысты арнайы мобильді топ жұмылдырылған. Одан бөлек әуежайлар мен вокзалдарда, сондай-ақ ірі автожолдарда балық өнімдерін заңсыз әкетуге тосқауыл қойылады.

- Елімізде айыппұлдардың көптігіне байланысты тұрғындардың реніші бар екені белгілі. Бірақ мемлекеттік байлыққа қол сұққандар жазалануы тиіс. Оған 3000 АЕК айыппұлды айтпағанда 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, -деді Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сермағамбетов.

Айта кетейік, былтыр «Бекіре-2024» акциясының нәтижелері бойынша табиғат қорғау заңнамасының 945 бұзушылығы тіркеліп, 694 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 71 қылмыстық іс қозғалып, заң бұзушыларға 19,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сонымен қатар, заңсыз айналымнан 11,3 тонна балық, оның ішінде 2,23 тонна бекіре тұқымдас балық және 8,3 кг бекіре уылдырығы тәркіленді.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

1 сәуір, 12:05

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.