Атырау, 2 сәуір 0836
 ашықВ Атырау +20
$ 503.15
€ 543.30
₽ 5.93

"Ақжайық" резерватына көктемгі құстар келе бастады

Бейнежазба
755 просмотра

Атырауда құстардың жұмақ мекені саналатын Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватының Шалыга аралына көктемгі құстар келе бастады. Қала тұрғындары үйлерінің үстімен теңізге қарай топтанып ұшып бара жатқан аққуларды бейнеге түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісуде. 

Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты Батыс-Сібір–Каспий және Сібір–Шығыс Африка бағытындағы құстардың негізгі миграциялық жолдарының бойында орналасқан. Бұл аумақ жыл сайын жүз мыңдаған құстың маусымдық көші-қоны кезінде уақытша тұрақтайтын маңызды мекеніне айналады.

Батыс Қазақстан мемлекеттік табиғи резерваты “Ақжайық” орнитологы Илья Бофоновтың айтуынша, көктемгі құстардың жаңа келе бастауына байланысты санау жұмыстары әзірге басталған жоқ. 

- Қазіргі уақытта сұр қаз, барқылдақ үйрек, сұқсыр үйрек, қызылбас сүңгуір, гоголь секілді құстардың келіп жатқаны байқалады. Құстардың толық көші-қону кезеңі қашан аяқталатыны белгісіз. Себебі ауа райына байланысты олардың келу уақыты әртүрлі болады, -дейді Илья Бофонов. 

Шалыга аралы - сирек құстар үшін маңызды мекен 

Сирек кездесетін құстар үшін «перзентхана» және «балабақша» саналатын Шалыга аралында құстардың 292 түрі кездеседі. Олардың ішінде: 110 түрі Атырау өлкесінде ұя салады; 76 түрі осы аймақта қыстайды; 106 түрі миграция кезінде аялдайды. 

Бұл жерде Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген 36 құс түрі мекендейді. Олардың ішінде Құдыр, Кіші суқұзғын, Египет, Кіші аққұтан, Сарықұтан, Сұлтан тауық, Қарабас шағала құстары осы аумақта көбейсе, Сыбырлақ аққу, Қасқалдақ, Сақалтай, Дала қыраны, Джек немесе дрофа-красотка, Жекдуадақ, Пискулька қазы, Қызылжемсаулы казарка, Стерх немесе ақ тырна құстары бұл аймақты миграция кезінде демалу үшін пайдаланады. 

Ақжайық резерваты құстар үшін ғана емес, биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында да маңызды табиғи қорық саналады. Көктем келісімен бұл аймақта құстардың тіршілігі қыза түседі. 

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ 

29 наурыз, 15:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.


16